Павлодардың екі мектебінде әскери даярлық сыныптары ашылды
Оқушылар робототехникалық кешендер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, практикалық дағдыларын жетілдіре алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда «Біртұтас ел – біртұтас жер» патриоттық акциясы аясында №48 және №7 мектептерде алғашқы әскери даярлыққа арналған мамандандырылған сыныптар ашылды.
Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков, облыс әкімдігі мен қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, педагогтер мен оқушылар қатысты.
Жаңа кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен, робототехникалық кешендермен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықталған. Мұнда оқушылар әскери қызмет туралы білім алып, практикалық және командалық жұмыс дағдыларын меңгереді.
– Мамандандырылған сыныптар сіздердің Қарулы күштер мен әскери қызмет туралы білімдеріңізді кеңейтіп қана қоймай, бойларыңызда тәртіптілік, жауапкершілік, командалық рух пен алға қойған мақсаттарға жетуге деген ұмтылысты қалыптастыруға көмектеседі, – деді Асқар Мұстабеков.
Акция аясында Естай атындағы Мәдениет үйінде атыс қаруы мен қару-жарақ үлгілерінен әскери-тарихи көрме ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігінің өкілдері жастарға мерзімді әскери қызмет, әскери оқу орындарына түсу және әскерде болған азаматтарға қарастырылған жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
№48 және №25 мектептерде «Ерлік сабақтары» өтті. Оқушылар әскери мамандықтармен, әскери қызметшілердің күнделікті жұмысымен және Қарулы күштердегі кәсіби мүмкіндіктермен танысты.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде де жалғасты. Мұнда тұрғындарға келісімшарт бойынша әскери қызмет, бос жұмыс орындары мен әскери қызметшілерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер түсіндірілді.
Осындай іс-шараларды алдағы күндері Ақсу мен Екібастұз қалаларында өткізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Екібастұз ауылдық аймағындағы Атығай мектебінде оқушыларға әскери-патриоттық бағыттағы іс-шара ұйымдастырылған болатын. Жоғары сынып оқушылары мектептің жеке тирінде Калашников автоматын бөлшектеу және пневматикалық винтовкадан ату дағдыларын көрсетті.