Ақсуда әжелер қыздарға шопперлер тігуді үйретті
Сабақты технология пәнінің мұғалімдері, психолог мамандар және клуб жетекшілері ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу ауылдық аймақтары мектептерінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы белсенді жұмыс атқарады. Орталықтың іс-шараларына үш мыңға жуық ата-ана қатысты. Сондай-ақ, «Даналық мектебі» клубы бойынша әкелер мен аналар, ата-әжелер кеңестері жұмыс істейді. Олардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар, жәрмеңкелер, қайырымдылық акциялары, асық ату, тоғызқұмалақ бойынша шеберлік сыныптары, іс тігу, бисер тоқу, тамақ дайындау сабақтары өткізіледі.
– Ақсу аймағында 2024 жылдың ақпан айында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығы аясында ауыл орта мектептерінде «Әжем үйреткен» шеберлік сабақтары өткізілді. Іс-шараның мақсаты – балалардың қызықты бос уақытын ұйымдастыру, екі ұрпақ арасында қарым-қатынасты нығайту, қолайлы жағдай туғызу, – дейді облыстық білім беру басқармасында.
Әжелер мен оқушылар заманауи тігін машинасында тігуді үйренеді. Сөмке шопперлерді пішіп тікті. Мұндай тәжірибе балаларға адам еңбегінің құндылығын түсінуге мүмкіндік береді.
Педагогтердің айтуынша, мұндай шеберлік сабақтар әжелер мен балалардың қарым-қатынасын жақсартып, үлкендерге зор құрмет көрсетуге тәрбиелейді.