Павлодарлықтар көбінесе қай емханаларға шағымданады?
Жыл басынан бері денсаулық сақтау саласында азаматтардан 3987 шағым түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов мәлім етті.
– Денсаулық сақтау саласында шағымдар көбеюде. Қазіргі таңда қала тұрғындары емханалар мен ауруханаларға жиі барады. Бұл – жыл сайын күз уақытында қайталанатын жағдай. Қызмет көрсету сапасы дұрыс деңгейде ұйымдастырылмаса, шағым түседі. Шағым беруші адамдармен бірінші кезекте жұмыс атқарылу керек, – дейді Асайын Байханов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың айтуынша, облыстың медициналық ұйымдарына келіп түскен өтініштерді азайту, сондай-ақ сапалы қызмет ету мақсатында емделушілерді қолдау қызметтері жұмыс істейді.
– Денсаулық сақтау басқармасына өтініштер жиілеп кетті. Атап айтқанда, барлығы – 3987 шағым, оның ішінде 2091 өтініш немесе 50 пайызы – негізінен Whatsapp нөміріне, әлеуметтік желілердегі парақшаларға келіп түсуде, – деді спикер.
Басқарма басшының сөзінше, өтініштердің басым бөлігі №1, 4 емханаларда және №1 қалалық ауруханада тіркелген. Әр ғимаратта ең алдымен басшылардың, кейін денсаулық сақтау басқармасының Whatsapp нөмірлері орналыстырылған. Денсаулық сақтау басқармасында тоқсан сайын басшылардың қатысуымен келіп түскен өтініштерді талдау бойынша жиналыс ұйымдастырылып, жұмыс жалғасады.
Бүгінде күніне 100 мыңға жуық азамат медициналық қызметке жүгінеді.
– Жалпы әкімдер мен мекеме басшыларына айтатын мәселе: тұрғынның жағдайы дұрыс болып жатса, шағымданбайды. Сіздерден жауап алмағаннан кейін тікелей маған шағым түседі. Бұл – сіздерге айтылған сын емес, әр шағымды мүмкіндік ретінде қабылдап, шағымдардың себептерін зерттеу үшін арнайы батыс елдеріндегі «Құпия сатып алушы» тәсілін қолдануды ұсынамын, – дейді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Асайын Байханов сол сияқты басқа да мекемелерге аталмыш тәсілді тәжірибеде жүзеге асыруға кеңес берді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының басшыларына медициналық мекемелерге назар аударуды тапсырды.