Павлодар облысында «А» гепатитімен сырқаттанғандар саны артқан

Павлодар облысында «А» гепатитімен сырқаттанғандар саны артқан
pexels.com

Бұл вирустық гепатиттер ең қауіпті және кең таралған жұқпалы аурулар санатына жатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, барлық вирустық гепатиттердің ішінде «А» гепатиті ең аз «зиянды» болып табылады. Дегенмен оны елемеуге және дәрігердің ұсыныстарын орындамауға болмайды. Өйткені ол асқынуларды тудыруы мүмкін. 

- «А» гепатиті, боткин ауруы, лас қол ауруы, сарғаю – бұл бауыр жасушаларына әсер ететін вирус тудыратын жұқпалы аурудың атауы. «А» вирустық гепатитімен сырқаттанушылық бүкіл әлемде кең таралған, айқын маусымдық сипатқа ие. Жағдайлардың өсуі күзгі-қысқы кезеңде байқалады, - делінген хабарламада.

Ағымдағы жылы Павлодар облысында «А» гепатитімен сырқаттанушылықтың 3,5 есеге өсуі байқалады. Жүрек айнуы, тәбеттің төмендеуі, шаршау және терінің сарғаюы 21 науқаста тіркелген. Өткен жылы алты адам ауырған. 

- «Лас қол ауруымен» ауыратындардың арасында шыдамсыздығына байланысты жуылмаған жемістерді, бутербродтарды лас қолмен тұтынатын немесе саусақтарын, ойыншықтарды, қарындаштарды аузына салу әдетімен қоштаспаған балалар мен жасөспірімдер көп. Мұндай немқұрайлылық гепатитке әкеледі және бүкіл отбасының денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені бұл вирус фекальды-ауызша жолмен таралады, - дейді мамандар.

Дәрігерлердің айтуынша, инкубациялық кезеңі (инфекция сәтінен бастап алғашқы белгілердің көрінісіне дейін) орта есеппен 35 күнге дейін созылады. «А» гепатитінің алдын алу үшін гигиенаның қарапайым ережелерін сақтаса жеткілікті. Мысалы, тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін қолды жуу, тек бөтелкедегі немесе қайнатылған су ішу, жуылған, термиялық өңделген көкөністер мен жемістерді жеу керек. 

Вирустық гепатиттердің алдын алудың маңызды шараларының бірі - нақты профилактикасы, яғни өмір бойы тұрақты иммунитет беретін «А» гепатитіне қарсы вакцинацияны алу. 

Ағымдағы жылдың 2-31 қазан аралығында өңірде «А» вирустық гепатитінің алдын алу айлығы жарияланды. Айлықтың мақсаты халықты алдын алу шаралары туралы хабардар ету.