Май ауданында ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті

Май ауданында ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті
Фото: Константин Шелков

Баскөл ауылындағы өнер ордасы толықтай жаңартылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданында ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Баскөл ауылдық мәдениет үйі 1971 жылы салынған. Бұған дейін ғимаратта тек ішінара жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Ал биыл нысанға кешенді жаңғырту жасалып, инженерлік-коммуникациялық желілер толық ауыстырылды. Ғимараттың қасбеті жаңартылып, аумағы қоршалды, айналасы абаттандырылды. Сондай-ақ ескі жылу жүйесінің орнына заманауи қазандық орнатылды.

– Көрермендер мен концерт залдары толық күрделі жөндеуден өтті. Орындықтар жаңартылып, сахна мен электр желілері ауыстырылды. Сонымен қатар мәдениет үйі заманауи музыкалық құрал-жабдықтармен қамтылды, – деді аудан әкімі Қадылжан Сәтиев.

Ауданда жол жөндеу және елді мекендерді жарықтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің қолдауымен Бозша, Жаңатілек және Ақсарай ауылдарына апаратын кірме жолдар асфальтталды. Сонымен қатар Жұмыскер ауылындағы елді мекен ішіндегі жолдар жөндеуден өтті.

Сондай-ақ, Баскөл ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ескі жарық бағаналары ауыстырылып, жаңа жарық желілері тартылды. Қазіргі таңда ауылдың негізгі көшелері мен әлеуметтік нысандары толық жарықтандырылған.

Жалпы алғанда, Май ауданында тұрғындардың 98 пайыздан астамы көшелік жарықтандырумен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.