«Таза Қазақстан»: павлодарлық жастар Кемпіртас пен Тасқұдық маңын тазалады
Еріктілер роуд-эстафетасы аясында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «Әділет» партиясының жастар қанаты бастамашы болған «Таза Қазақстан» роуд-эстафетасы жалғасуда. Экологиялық бастаманың кезекті кезеңі «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында өтіп, жастарды өңірдің табиғи және тарихи-мәдени мұрасын сақтауға бағытталған ортақ мақсатқа біріктірді.
Эстафетаға қатысушылар Баянауылдың белгілі киелі нысандарының бірі — Кемпіртас жартасының айналасында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді. Жастар қоқыстарды жинап, табиғи ескерткіштің айналасын ретке келтірді. Бұл Қазақстанның бірегей табиғи орындарына ұқыпты қараудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Одан кейін қатысушылар Павлодар қаласынан 43 шақырым қашықтықта орналасқан Тасқұдық ауылы маңындағы автомобиль жолының бойында тазалық жұмыстарын жалғастырды.
Роуд-эстафетаға қатысқан журналист әрі саяхатшы Риза Данияр мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жоба жастардың бойына экологиялық мәдениет қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.

– Бұл жобаның маңызды міндеттерінің бірі — жастардың бойына экологиялық мәдениет сіңіріп, пайдалы экологиялық әдеттер қалыптастыру деп есептеймін. Жастардың табиғатты қорғауға деген қызығушылығы мен ұмтылысы мені қуантады. Әсіресе, “Вандализмге жол жоқ” акциясы аясында қатысушылардың тарихи маңызы бар орындарды тазалап қана қоймай, олардың тарихымен де танысатыны маңызды. Бұл — экологиялық тәрбие мен тарихи мұраны сақтауды бір арнаға тоғыстыратын игі бастама, – деді Риза Данияр.
«Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Танир Ясса да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, қоршаған ортаның тазалығы ең алдымен адам санасының өзгеруінен және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды бала кезден қалыптастырудан басталады.
– «Таза Қазақстан» – бұл тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, ең алдымен, санамыздың тазалығы. Адамдардың табиғатқа, өзіне және айналасындағы әлемге деген көзқарасын өзгерту маңызды. Егер адам бір нәрсені өзгерткісі келсе, ең алдымен өзінен бастауы керек: сөзден гөрі іске көбірек мән берген жөн, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ белсенді қоршаған ортаның ластану мәселесін шешу үшін жүйелі экологиялық жұмыстар жүргізу, тұрақты бақылау орнату және қоқысты белгіленбеген орындарға тастағаны үшін жауапкершілік шараларын күшейту қажеттігін айтты.
«Әділет» партиясының жастар қанаты Павлодар облысындағы «Таза Қазақстан» роуд-эстафетасын жалғастырып, белсенді жастар мен өңір тұрғындарын тазалық, жасампаздық және туған жерге ұқыпты қарау қағидаттары төңірегінде біріктіруде.