Павлодарлық колледжде ерекше форматтағы ата-аналар жиналысы өтті
Дәстүрлі кабинеттегі кездесудің орнына студенттер, ата-аналар мен педагогтер колледж аумағындағы алма аллеясында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында үздік түлектер ата-аналарымен бірге жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды.
Колледжде AlmastrIT алма ағаштары аллеясының негізі 2023 жылы қаланған.

– Жоба ұрпақтар сабақтастығын және студенттердің оқу орнының дамуына қосқан үлесін бейнелейді. Кейінгі жылдары аллеяға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, саяси партия өкілдері, кәсіпкерлер мен түлектер де ағаш отырғызған, – деді колледж қызметкерлері.
Бүгінде колледж аумағында 120 жеміс ағашы, жидек пен гүл бұталары, раушан гүлдері өсіп тұр. Демалыс орындықтары, спорт алаңдары мен сахна орнатылған кеңістік қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналған.
Өткен жылы аллеяға күтім жасаған студенттер алғаш рет өздері өсірген алма мен алмұрттың дәмін татып көрген.
– Биыл AlmastrIT аллеясы тағы 30 жеміс көшетімен толықты. Колледж ұжымы ата-аналар жиналысын экологиялық бастамамен ұштастырып, қатысушыларды ортақ пайдалы іске жұмылдыруды жөн көрген, – делінген хабарламада.

Акцияға ІТ-хакатондар мен жалпы жүлде қоры бес миллион теңгеден асатын байқаулардың жеңімпазы Бараат Кахималаев әкесі Кахимала Шаманбаевпен бірге қатысты. Сондай-ақ республикалық конференциялар жеңімпазы Альнура Кисенова анасы Маржан Кисеновамен бірге ағаш отырғызды.
Аллеяда енді Берлиндегі Google тағылымдамасынан өткен және WorldSkills республикалық чемпионатының алтын жүлдегері Даниил Барттың отбасылық ағашы да бар. Көшетті түлектің анасы Анастасия Барт отырғызған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.