Павлодар облысында тұрғындарды талапқа сай емес үйге орналастыруға жол берілмеді
Сегіз пәтерлі баспана үй кезегінде тұрған ауыл тұрғындарына үлестірілмек болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданында прокуратураның талап-арызы бойынша сегіз пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру туралы шешімнің күші жойылды. Тексеру барысында нысанның құрылыс талаптарына сай келмейтіні және тұрғындардың қауіпсіз тұруына кедергі келтіретін заң бұзушылықтар анықталған.
Прокуратура мәліметінше, 2024 жылғы желтоқсанда жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалардан 125 миллион теңгеге сегіз пәтерлі тұрғын үй сатып алған. Үйге баспана кезегінде тұрған ауыл тұрғындарын орналастыру жоспарланған.
Алайда нысанды тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, құрылыс елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес жүргізілмеген. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмай тұрып басталған.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өтуі қажет. Бірақ бұл нысанның құрылысын жүргізу кезінде авторлық және техникалық қадағалау қамтамасыз етілмеген.
Сондай-ақ үйдің іргетасы мен негізгі конструкцияларының құрылыс талаптарына сай келмейтіні анықталған. Бұл ғимараттың қауіпсіздігіне және болашақ тұрғындардың өмір сүру жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Прокуратураның талап арызы сотта қанағаттандырылып, тұрғын үйді пайдалануға беру туралы шешімнің күші жойылды. Осылайша, азаматтарды талапқа сай емес баспанаға орналастырудың алдын алу мүмкін болды.
Қазіргі уақытта бюджет қаражатын қайтару және заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.