ЖРВИ маусымы ашылды: Павлодарда жүзден аса бала ауруханада жатыр

Алайда пневмониямен ауруханаға түскен балалардың саны өткен жылмен салыстырғанда төмендеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық балалар ауруханасы директорының инфекциялық стационар жөніндегі орынбасары Әсел Байғанова хабарлады.
– Қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 159 бала ем қабылдап жатыр. Олардың 112-сі жедел респираторлық вирустық инфекциялармен диагнозымен, 21-і пневмониямен жатыр. Бір бала қызылшамен, екі бала көкжөтелмен ем қабылдауда. Орын жетіспеушілігі жоқ, қажет болған жағдайда барлық көрсеткіші бар балалар ауруханаға жатқызылады, – деді Әсел Байғанова.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша балалар арасында ЖРВИ тіркелу жиілігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскен.
– 1 қазаннан бастап облыста ЖРВИ мен тұмауға қарсы эпидемиологиялық маусым басталды. ЖРВИ бойынша көрсеткіштерде белгілі бір өсім бар, бірақ бұл қалыпты маусымдық көрініс. Ал пневмония бойынша ауруханаға жатқызу жағдайлары 15 есеге азайды. Бұл – оң динамика, – деп нақтылады спикер.
Қазіргі кезде стационарда ем алып жатқан балалардың 90 пайызы бес жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 35 бала – бір жасқа дейінгі сәбилер.
Маман емдеу тактикасына да тоқталды. Егер баланың жағдайы жеңіл немесе орташа дәрежеде болса, ем үй жағдайында тағайындалады. Ал ауруханаға жатқызуға көрсеткіш болса – міндетті түрде стационарға орналастырылады.
– Әдетте, ЖРВИ маусымының шыңы қарашаның соңы мен желтоқсан айының басына келеді. Дәл осы кезеңде тұмау вирустары да айналымға ене бастайды, – дейді дәрігер Әсел Байғанова.
Ол соңғы айларда қызылша мен көкжөтелге шалдығу жағдайлары сирек тіркелуде екеніне де назар аударды. Үш ай бойы қызылша бойынша ауруханаға жатқызылған бала болмаған, ал қызылшаның бір жағдайы қыркүйек айында басқа өңірден келген науқаста анықталған.
Жалпы алғанда, Павлодар облысында балалар арасында ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Денсаулық сақтау мамандары ата-аналарды маусымдық аурулардың алдын алу шараларын сақтауға және алғашқы белгілерде дәрігерге жүгінуге шақырады.