Павлодарлық музей қызметкерлері республикалық байқауда үздік атанды
Байқауда бір музейдің төрт қызметкері марапатталды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері «Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер саласының үздігі» атты республикалық байқауда жүзден жүйрік атанды. Байқауға қатысқан төрт қызметкер де үздік деп танылды. Бұл байқауға тек 20 жылға жуық еңбек өтілімі бар қызметкерлер қатысты. 19 жыл бойы музей саласында еңбек етіп, байқауда төбе көрсеткендердің бірі – Жанар Оспанова.
– Мен қазіргі Торайғыров университетін тәмамдап, осы Бұқар жырау музейіне жұмысқа қабылданған болатынмын. Бүгінгі таңда бұл музейде жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдың жүзі болды. Осы байқауға арнай музейдің бірнеше қызметкері бақ сынап, өздерінің сауалнамаларын ұсынып көрді. Себебі біздің музейде тәжірибелі мамандар жеткілікті, – дейді Жанар Оспанова.
Аталмыш байқауда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері Әлия Саматова, Мейрамғали Есмұқанов, Сәуле Арынғазина, Жанар Оспанова жеңімпаз деп танылып, «ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.