Павлодарлық музыканттар аниме концертін қайтадан өткізбек
Ұлттық оркестр өткен жылдың желтоқсан айында аниме әндерін шырқаған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов жаңа эксперименттерге әрдайым ашық. Бірақ бір жыл бұрын жас қобызшы Әдия Сейсембаева анимеден музыка ойнауды ұсынғанда, ол бірден келіспеді. Талғат Кәрімовтың жетекшілігімен оркестр тек қазақ халық және академиялық шығармаларын ғана емес, сонымен қатар классика мен джазды да орындайды.
– Аниме өлеңдерін аспатық музыкаға келтіру мен үшін қиын болды, – деп мойындады дирижер. – Өйткені, біз әр шығарманы жанымыздан өткіземіз. Ұжым бұл идеяға қызығушылық танытып, орындаушылар үшін бұл жаңа тәжірибе болды.
Бұл концертті жасау үшін әр жеке аспапқа ноталар жазылып, дайындалды. Әдетте анименің әндерін симфониялық оркестрлер орындайды, сондықтан ноталардың көбі соған арнайы бейімделеді. Симфониялық және қазақ ұлт оркестрлерінің музыкалық аспаптары өзіндік дыбыс диапазонымен ерекшеліктері, яғни әртүрлі болады. Әуенді ұлттық аспапқа дұрыс келтіру үшін музыкалық колледжден джаз әріптестері тартылған болатын.
– Аниме музыкасының сипатын, эмоционалды қарқындылығын жеткізу үшін бізге керней, саксофон, тромбон, гитара, фортепиано қажет болды, ал аталған аспаптар біздің оркестрде жоқ,– деді Талғат Кәрімов. – Жапон музыкасы өте қиын болып шықты. Мысалы, қобыз үшін өлеңнің кейбір бөліктерін келтіру қиынға соқты. Біз ұзақ уақыт бойы анименің ішінен шығармаларды таңдадық.
Репетиция кезінде кейбір павлодарлық музыканттар жапондық анимацияға қызығушылық танытты, себебі бүгінде көптеген балалар оған құмар болуда. Әдия Сейсембаева да бала кезінен аниме көреді. Ең сүйіп көретіндері – Наруто анимесі. Қыздың айтуынша, аниме өз арманынан бас тартпауға және не болмаса да бой бермеуге үйретеді.
– Музыкант ретінде мен сюжетті ғана емес, сонымен бірге оны сүйемелдейтін музыканы да қадағалаймын, ол эмоция сыйлайды, – деп атап өтті Әдия. – Өткен концерт біз үшін үлкен және қажырлы еңбек болды. Аспаптардың бір тобында баяу әуен болуы мүмкін, ал екіншісінде сол сәтте шапшаң ритм шығуы мүмкін.
Павлодарлық музыканттар белгілі аниме-сериалдардың музыкасына барынша жақындауға тырысты. Оркестр шығармаларды орындаған кезде LED экранында анименің үзінділері көрсетіледі. Бұл көрермендердің қандай анименің өлеңі шырқалып жатқанын түсіну үшін қажет. Сонымен қатар, жас музыкант үшін концертте вокалист ретінде дебют болады. Әдия Сейсембаева «Клинок, рассекающий демонов» анимесінен «Gurenge» әнін орындайды.
Айта кетейік, былтыр желтоқсанда Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Cinema & Anime концерті өткен болатын. Көрермендердің өтініші бойынша оркестр оны қайталайды. Концерт 28 ақпанда, сағат 19:00-де басталады.
Бағдарлама бір сағаттан астам уақытты алады және екі блокқа бөлінген 18 музыкалық нөмірді қамтиды. Аниме музыкасынан басқа, оркестр әйгілі фильмдердің композицияларын орындайды.