Аманаттықтар Павлодар облысының елді мекендердегі әлеуметтік нысандарын тексерді

Аманаттықтар Павлодар облысының елді мекендердегі әлеуметтік нысандарын тексерді
Фото: Instagram @amanat.partiyasy

Олар алты аудан мен бір қаланы аралап, ұзаққа созылған құрылыс нысандарын қадағалауға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламаның орындалуын және өңірлердегі бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауды жүйелі түрде жалғастыруда. Партияның Орталық аппараты жанындағы Партиялық бақылау департаментінің инспекторлары Павлодар облысының бірнеше ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында мониторинг жүргізді.

Аққулы ауданында комиссия Шақа және Қазы ауылдарындағы медициналық пункттерді тексеріп, науқастарды қабылдау жағдайын, нысандардың жабдықталуын және санитарлық нормалардың сақталуын бағалады. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігіне назар аударылды. Сондай-ақ, мамандар Тілектес ауылындағы жаңадан салынып жатқан білім нысанымен танысып, құрылыс стандарттары мен қауіпсіздік талаптары сақталуының маңыздылығын атап өтті.

Шарбақты ауданында комиссия мүшелері Красиловка ауылындағы орта мектепке барып, материалдық-техникалық базаны нығайту жөнінде ұсыныс айтты. Сонымен қатар олар Галкино ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады.

Ертіс ауданында комиссия Панфилов ауылындағы мектептің күрделі жөндеуіне мониторинг жүргізді. Онда білім нысанының шатыры жаңартылып, есіктер ауыстырылып, қосымша жылыту батареялары орнатылған. Сондай-ақ, мамандар Ленин ауылындағы пайдалануға беру жоспарланған дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары нәтижелерімен танысты.

«AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Заур Гучияев әрбір аяқталған нысан –  партия, атқарушы билік пен мердігерлердің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

– Біз құрылыс жұмыстарының әр кезеңін бақылауда ұстап отырмыз. Себебі тұрғындар заманауи әрі қауіпсіз инфрақұрылымға қол жеткізуі қажет. Формализмге жол беруге болмайды, өйткені мектептер мен медициналық мекемелердің сапасы – ауылдың ертеңін айқындайтын басты фактор, – дейді Заур Гучияев.

Ақтоғай ауданындағы мониторинг барысында комиссия Майқоңыр ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда ғимараттың беткі және кіреберіс бөліктері жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, терезелер мен есіктер ауыстырылған, сондай-ақ, өрт дабылы жүйесі орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта нысанның дайындық деңгейі 85 пайызды құрайды. Ал Ақжол ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мердігерге қатысты сот процесі жүріп жатқандықтан тоқтап тұр. 

Железин ауданы Ақтау ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Ал Мыңкөл ауылында мердігер жұмысының сапасыз орындалуына байланысты мерзімі созылған медициналық пункт құрылысының барысы қаралды. Бұл нысан партияның ерекше бақылауында. Тереңкөл ауданында комиссия Ивановка ауылындағы медициналық пункттің дайындық деңгейін бағалады. Құрылысы толық аяқталған нысанға қазір жабдық жеткізілуі күтілуде. 

«AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Мұрат Естенов әр нысанның аудан тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті.

– Мердігер ұйымдарға қойған талап біреу ғана – бұл барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуы. Партия халық алдындағы міндеттердің орындалуын және әлеуметтік нысандардың ауыл өмірін жақсартуға қызмет етуін қадағалайды, – деді Мұрат Естенов.

Ақсу қаласының ауылдық округтері мен Май ауданының елді мекендерінде мектептер, медициналық мекемелер және спорт нысандары тексерілді. Жұмыстың сапасы, мерзімдердің сақталуы және тұрғындар алдындағы міндеттемелердің орындалуы бағаланды.

Партиялық бақылау департаменті өкілдерінің айтуынша, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясындағы барлық нысан тұрақты бақылауда. Мұндай мониторингтік сапарлар мәселелерді уақтылы анықтап, шұғыл шешім қабылдауға және жергілікті жерлердегі жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.