Павлодарда үлкен айналма жолы ерекше тәсілмен жөнделеді
Бұл жолдың беріктігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков Жібек жолы көшесіндегі ағымды жөндеу жұмыстары басталғаны туралы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
– Бұрын «Үлкен айналмалы жол» деп аталған бұл жолмен жүк көліктері көп жүреді. Соның ішінде транзиттік көліктердің қатынайтын негізгі бағыты болып табылады. Бұдан бөлек, облыс орталығын бірқатар ірі өндіріс орындарымен және бау-бақша шаруашылықтарымен байланыстырады. Ауыр техникалардың салдарынан мұндағы жол төсемі қала көшелеріндегі жолдарға қарағанда тезірек тозады,– деп жазды Хасар Хабылбеков.
Жол активтері орталығының ұсынысы бойынша Жібек жолы көшесінің жолын ағымдағы жөндеу кезінде ерекше конструкция қолданылатын болады. Асфальттың ірі түйіршікті және ұсақ түйіршікті екі қабаты төселеді. Бұл жолдың беріктігін арттыруға мүмкіндік береді. Қалпына келтіруді талап ететін жататын жол бөлігінің ұзындығы – Ломов көшесінен әуежай айналмалы жолына дейін 6,8 шақырымды құрайды. Жұмыстар 24 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда.