Биыл Павлодар облысында жемқорлар жүз миллионнан астам теңгені жымқырып үлгерген

Биыл Павлодар облысында жемқорлар жүз миллионнан астам теңгені жымқырып үлгерген
Фото: Константин Шелков

2024 жылдың басынан бері жемқорлық пен парақорлықтың 30-ға жуық фактісі анықталды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы  Медет Әміралинов мәлім етті. 

– Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында департамент 28 қылмыстың бетін ашты. Оның ішінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша – 10, парақорлық фактілері бойынша 15 қылмыс тіркелді. Аталмыш жағдайлар бойынша қылмыскерлер 117 миллион теңгені жымқырған. Жемқорлық бойынша 18 адам күдікке ілінді, – дейді Медет Әміралинов. 

Оның ішінде «Ертіс орманы» резерватының басшысы да істі болды. Бұдан бөлек аталмыш резерватта бес есепшінің заңсыз әрекеттері әшкере болды. Олар мемлекеттік бюджеттен 2021 жылдан бері  26,7 миллион теңге қолды қылған.  

Тағы бір қылмыс әлеуметтік салада тіркелді. Екі жыл аралығында жұмыспен қамту бөлімінің мамандары 80 миллионнан астам теңгені жымқырған. Бұл қаражат мүгедектерді жеткізу қызметіне бөлінген. 

Екі жағдайда да ұрланған қаражат толығымен мемлекетке қайтарылып, істер сотқа жіберілді.