Асайын Байханов «Үйде сөйле» жобасына тұрғындарды көбірек тартуды ұсынды
Аймақ басшысы ҚХА жұмысында бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділ Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXVII сессиясы өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының мүшелері, ҚХА этномәдени бірлестіктері мен құрылымдарының өкілдері, атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің, саяси партиялардың басшылары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Ассамблеяның жұмысы уақыт талаптарына сай бірнеше рет трансформациядан өтіп, функционалдық қызметі кеңейтілген болатын. «Достық үйі» мерекелік іс-шаралар, концерттер мен форумдарды өткізумен қатар шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен, өңірдің қоғам белсенділерімен байланысын дамыту бойынша терең әлеуметтану бойынша жұмыс жүргізуі керек, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы, облыста жаңа креативті жобаларды әзірлеуді нақты қолға алып, «Қоғамдық келісім» штатында әлеуметтік ғылымдар қызметкері жаңа лауазымын енгізуді ұсынды.
– «Өзара іс-қимыл туралы меморандумдар» шеңберінде этномәдени бірлестіктердің саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту қажет. Жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда бір реттен кем емес тұрақты кездесулерін өткізуді тапсырамын, – деді Асайын Байханов.
Бұдан бөлек облыс әкімі «Жастар Ассамблеясына» Президенттің «Үйде сөйле» жобасына өңір тұрғындарын көбірек тарту бойынша жұмыстарды күшейту керектігін айтты.
– Бұл жоба біздің облысымызда да жалғасын тапты. Сондықтан менің ойымша, жастар Ассамблеясы бұл жобаны кеңейтуі қажет. Жуырда басталған «Қазақша ән саламыз» жобасын бүкіл аймақта танымал етуге керек, – дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі бүгінде екі тілде еркін сөйлейтін жастар көп екенін тілге тиек етіп, демалыс күндерде қазақ тілінде коммуникация жасауды ұсынды.