Павлодар облысы тұрғындарының полицияға деген сенімі артқан

Павлодар облысы тұрғындарының полицияға деген сенімі артқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Ұлттық статистика бюросы «Халықтың құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне деген сенім деңгейі» іріктемелі зерттеуін жүргізді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Finprom.kz сарапшылары жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда полицияға деген сенім деңгейі өткен жылмен салыстырғанда өскен. Зерттеуге таңдамалы әдіспен отбасының 15-80 жас аралығындағы бір мүшесі, барлығы 18 мың адам қатысқан. 

Бір жыл ішінде полицияға сенетін  тұрғындардың саны 57,5%-дан 61,6%-ға дейін өскен, ал ішінара сенетіндердің үлесі 30,5%-дан 27% - ға дейін төмендеген. 

–  Гендерлік тұрғыдан алғанда  ерлерге (59,4%) қарағанда әйелдер (63,6%) полицияға көбірек сенеді. Өткен жылмен салыстырғанда ерлер мен әйелдердің полицияға деген сенімі арта түскен. Полицияға сенбейтін ер адамдардың (5,2%) үлесі әйелдерге (4%) қарағанда басымырақ. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда сенім артпайтын ерлердің саны азайса, әйелдердің арасында керісінше артқан, –  дейді сарапшылар.  

Өңірлік бөліністе 2024 жылы полицияға сенімсіздік деңгейі айтарлықтай өзгерген.  Мәселен, Павлодар облысында 0,2% құраса,  Түркістан облысында 16,8%-ға жеткен. Елімізде полицияға сенімсіздік деңгейі Маңғыстау облысында (7,3%), Астанада (6,2%), сондай-ақ Батыс Қазақстан (5,8%) және Қарағанды (4,8%) облыстарында орташа деңгейден жоғары.