Инклюзия жеңісі: Павлодарда «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалі өтті

Жеңімпаздар Астанадағы республикалық жарыстарда өңірдің намысын қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шара тең мүмкіндіктер мен достықты насихаттап, спорт арқылы инклюзия қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Фестивальдің алғашқы кезеңіне жеңіл атлетика сайыстары еніп, оған өңірдің 75 оқушысы қатысты. Жарыстар 3, 4, 5, 6, 7 және 8-сынып оқушылары арасында өтті.
– Сайыстың басты ерекшелігі – әр команда бір сыныптың үш оқушысынан құрылды, олардың бірі міндетті түрде ерекше білім беру қажеттілігі бар бала болды. Бұл формат инклюзия қағидаттарының маңыздылығын және барлық бала үшін тең мүмкіндіктерді айқын көрсетті. Оқушылар 50, 100 және 200 метр қашықтықтарда бақ сынады, – делінген хабарламада.
Фестивальдің ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедьярова және облыстық мәслихат депутаты, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Света Абдраманова қатысты.
– «Тең мүмкіндіктер» фестивалі жай ғана спорттық шара емес, ол достық пен қолдаудың айқын символына айналды. Мұнда әрбір бала, оның физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, өзін команда мүшесі ретінде сезінеді және өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік алады. Біздің басты мақсатымыз – тең бастауға және сенімді болашаққа жағдай жасау, – деп атап өтті Света Абдраманова.
Бұл фестиваль екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы павлодарлық команда республикалық деңгейде үш бірдей жүлделі орынды иеленген болатын. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары Астанада өтетін республикалық жарыстарда Павлодар облысының намысын қорғайды.
Фестивальдің келесі кезеңдері – бочча және «Көңілді старттар» сайыстары – алдағы 1 қазанда «Автомобилист» стадионында өтеді.