Павлодар ауданында ұлттық спорт ұлықталған ат жарысы өтті

Павлодар ауданында ұлттық спорт ұлықталған ат жарысы өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара Жертұмсық ауылының тумасы, шабандоз Балғабай Саматовты еске алуға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аламан бәйгені Заря, Бірлік және Жертұмсық елді мекендерінің жастары ұйымдастырды.

Еске алу аясында ас беріліп, ұлттық спорттың бірі – бәйгеден жарыс ұйымдастырылды. Ат жарысына Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан, Павлодар қаласынан, сондай-ақ Баянауыл, Шарбақты, Аққулы аудандары мен Павлодар ауданының Мичурин, Чернорецк, Қаратоғай, Ямышев, Маралды елді мекендерінен 9-16 жас аралығындағы шабандоздар қатысты.

Аламан бәйгеде 20 жүйрік 25 шақырымдық қашықтықта сынға түсті. Нәтижесінде Аққулы ауданының Шарбақты ауылынан келген Нұрхан Бауыржан сәйгүлігімен топ жарып, бас жүлде – мотоциклді иеленді. Екінші орын Шарбақты ауданы Арбаиген ауылының шабандозы Ерлік пен Шалқұйрық атты жүйрігіне бұйырып, 200 мың теңге табысталды. Үшінші орынды тағы бір шарбақтылық шабандоз Нұрсұлтан жеңіп алып, 150 мың теңгелік сыйақыға ие болды.

Топ бәйгеде 30 ат 12 шақырымдық қашықтықта бақ сынады. Бірінші болып Шығыс Қазақстан облысының шабандозы Әбумансұр Сұңқар атты тұлпарымен келіп, мотоциклге ие болды. Абай облысының өкілі Рамис Байбура атты сәйгүлігімен екінші орын алып, 150 мың теңге жеңіп алды. Үшінші орын Баянауыл ауданы Мұса Шорманов ауылының шабандозы Алдияр мен Қарақат атты тұлпарына бұйырып, 100 мың теңге табысталды.

Ал құнан бәйгеде шабандоздар 5 шақырымдық қашықтықта жарысты. Бірінші орынды Жертұмсық ауылының шабандозы Марғұлан Айдарханов иеленді. Бірлік ауылының атқамінерлері Қизат Бектеміров пен Төре Әубәкіров тиісінше екінші және үшінші орындарға ие болды. Жүлдегерлерге ат жабулары табысталды.

Шара барысында ұлттық спорт дәріптеліп, марқұмның рухына тағзым жасалды.