Павлодарлықтардың жеңісті сериясын батыстан келген волейболшылар үзді
Ерлер командалары арасындағы Ұлттық лиганың екінші туры аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Турнир «Баянтау» спорт кешенінде өтуде. Өткен жылғы басты қарсыласы «Таразды» 3:0 есебімен жеңген «Pavlodar» жарысты жақсы бастағанын бұған дейін жазған болатынбыз. Одан кейін павлодарлық команда «Атырау», «Есіл СК», «Ұшқын-Көкшетау» командаларын кезекпен дәл осындай 3:1 есебімен жеңді.
Күні бұрын алаң иелері «Ақтөбемен» кездесті. Ойын біздің жігіттер үшін сәтсіз шықты. Бірінші сет 25:17 есебімен қарсыластардың жеңісімен аяқталды. Келесі кезекте павлодарлықтар жағдайды өзгертуге тырысты, бірақ олардың күш-жігері түпкілікті табыспен аяқталмады. Екінші және үшінші партиялар тағы да «Ақтөбенің» еншісінде қалды – 25:20, 25:20.
27 желтоқсанда ел чемпионатының екінші туры «Pavlodar» - «Жайық» ойынымен аяқталады. Матч «Баянтау» спорт кешенінде 17.30-да басталады.