Павлодар облысындағы сирек флораның табиғи мекені – Баянауылда
Таулар мен орманды алқаптарда Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктердің бес түрі кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауылдың өсімдіктер әлемі сан алуандығымен ерекшеленеді. Ұлттық парк аумағында барлығы 552 түрлі өсімдік өседі. Олардың арасында жабысқақ қандыағаш, көктемгі жанаргүл, ашық құндызшөп, боз селеу және қызғалдақ бар. Аталған түрлердің барлығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар, олардың арасында мұз дәуірінен бері сақталып келе жатқан реликті түрлері де бар.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасланның айтуынша, аймақтың географиялық және климаттық ерекшеліктері осындай бағалы флораның қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды.
– Баянауылдың өсімдік жамылғысында жергілікті ортаға бейімделген, таралу аумағы шектеулі түрлер аз емес. Солардың ішінде жабысқақ қандыағаштың орны ерекше. Ол – мұз дәуірінен кейінгі кезеңнен сақталған реликті түрлердің бірі, – деді Мұрат Жаслан.
Өңірдің таулы-тасты ландшафты, қалың ормандары, бұлақтары, көлдері мен тауаралық аңғарлары флораның әртүрлі экологиялық жағдайда дамуына мүмкіндік береді. Жер бедерінің биіктік айырмашылығы, топырақ ерекшелігі, ылғал мөлшері мен жергілікті микроклимат та биоалуантүрліліктің қалыптасуына әсер етеді.
Әсіресе, су көздеріне жақын және ылғалы мол учаскелер жабысқақ қандыағаш секілді ылғалсүйгіш түрлердің өсуіне өте қолайлы.
– Қазіргі таңда ұлттық парк аумағындағы қорғауға алынған флора түрлері нақты саны мен таралу шекаралары жөнінде толық әрі жаңартылған статистикалық деректер жоқ. Мұндай мәліметтерді жинақтау үшін арнайы экспедициялық жұмыстар ұйымдастырылады, – деді маман.
Популяция көлеміндегі өзгерістерді анықтау үшін бірнеше жыл бойы жүргізілген салыстырмалы мониторинг қорытындылары қажет. Осы мақсатта парк қызметкерлері өсімдіктердің маусымдық тіршілік циклін қадағалап, олардың өсу қарқынын, гүлдеу мерзімін және қоршаған ортадағы өзгерістерге бейімделуін бағалайды.
Ғылыми жұмыстар арнайы маршруттар бойынша ізденіс жүргізу, далалық бақылау және тұрақты мониторинг алаңдарын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Зерттеушілер флораның түрлік құрамын, таралу географиясын, өсу ортасын, даму сатылары мен табиғи жолмен жаңару ерекшеліктерін зерделейді.
Қызыл кітапқа тіркелген түрлердің көктеп шығуы, бүршік жаруы, гүлдеуі, жеміс түзуі және тұқымдарының пісуі фенологиялық бақылау барысында белгіленеді. Бұл деректер жыл сайынғы даму үдерістерін салыстырып, климаттық факторлардың ықпалын анықтауға жағдай жасайды.
Жинақталған материалдар ғылыми есептерге енгізіліп, «Табиғат жылнамасын» толықтыруға негіз болады.
Мұрат Жасланның пікірінше, Қызыл кітапқа енгізілген барлық түр ерекше қорғауды қажет етеді. Соның ішінде таралу аумағы тар жабысқақ қандыағаштың популяциясын аман алып қалуға басымдық берген жөн.
– Флораның сиреуіне климаттық өзгерістер, ауа температурасының көтерілуі, ұзаққа созылған қуаңшылық, су тапшылығы және тіршілік ететін ортасының бүлінуі себеп болуы мүмкін. Бұған қоса, туристер санының көбеюі, гүлдерді жұлу мен өсімдік жамылғысын таптау да олардың жойылу қаупін арттырады, – деді ғылыми қызметкер.
Гүлдеу және тұқым тарату кезеңдеріндегі кез келген кері ықпал олардың табиғи жолмен көбеюіне кедергі келтіреді. Бір қарағанда, жалғыз гүлді жұлу немесе өскінді таптау елеусіз әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай жағдайлар жиі қайталанса, тұтас популяцияның тұрақтылығына нұқсан келеді.
Қорғауға алынған түрлердің жойылу қаупін дәл бағалау үшін олардың популяциялық жағдайын, табиғи жаңару деңгейін және тіршілік ортасындағы өзгерістерді жеке-жеке зерделеу қажет.
Ұлттық парк аумағында экожүйелердің тұтастығын сақтау, мемлекеттік инспекторлардың тұрақты қадағалауы, заңсыз өсімдік жинау мен қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, туристік соқпақтар бойында келушілерге табиғатты қорғау ережелері түсіндіріледі.
Қорғауға алынған флора шоғырланған аумақтардың бүтіндігін бұзбай, олардың өсіп-өнуіне қажетті экологиялық жағдайды сақтау – басты міндеттердің бірі.
Мамандар саяхатшыларға арнайы белгіленген соқпақтардан шықпауды, гүлдер мен басқа да өсімдіктерді жұлмауды, жасыл желекті таптамауды ескертеді. Себебі Қызыл кітапқа енген әрбір түрді қорғау – Баянауылдың баға жетпес табиғи мұрасын келер ұрпаққа аман жеткізудің маңызды кепілі.