Павлодарда баланы жәбірлеген ер адам сотталды

Павлодарда баланы жәбірлеген ер адам  сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс 2020 жылы жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі жабық форматта қарады. Себебі іс материалдарындағы мән-жайлар заң талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды.

Айыпталушы тағылған кінәні мойындамаған. Дегенмен, оның қылмысқа қатысы жәбірленушінің, заңды өкілінің және куәгерлердің көрсетулерімен, сараптама нәтижелерімен әрі өзге де айғақтармен дәлелденді.

Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, оған 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сотталған азамат өмір бойына педагогикалық лауазымдарды атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.