Рамазан қоржыны: Павлодарда 100 қорап азық-түлік таратылды

Рамазан қоржыны: Павлодарда 100 қорап азық-түлік таратылды

Аталмыш көмек ҚМДБ-ның зекет және қайырымдылық бағыты бойынша берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, қасиетті Рамазан айының алғашқы жұма күні Мәшһүр Жүсіп мешітінде мұқтаж   отбасыларға күнделікті тұтынатын азық-түлік салынған 100 қорапша таратылды.

«Рамазан қоржыны деп аталған қайырымдылық науқанға мешіттің пітір-садақасына түскен ақша жұмсалды және «Сауап» тобы да өз үлесін қосты»,  - дейді баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.

Ақмешіт мешітінің атынан да Павлодар қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына сый-сияпат көрсетілді. Мекемеде орналасқан 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі адамға Наурыз қоржыны таратылды. Жүрегіне иман ұялаған ақ сақалды қариялардың өтінішімен  бірнеше мәрте  Құран оқылды.

Мұндай қайырымдылық шаралары  қасиетті Рамазан айында қалалық және  аудандық мешіттерде жағдайға қарай жүргізіледі.