Павлодар облысында ұстаздарға алғыс айту апталығы басталды

Павлодар облысында ұстаздарға алғыс айту апталығы басталды
Фото: облыстық білім басқармасы

Мұғалімдерге құрмет ретінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

4 қазанға дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Ұстазға алғыс!» апталығы өтеді.

– Дәл осы күндері бізді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға шынайы алғыс білдіруге шақырамыз. Апталық ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыруға жол ашады, – деді білім беру басқармасында.

Президентіміз тамыз конференциясында «Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады»  деген еді.

Осы орайда Павлодар облысының білім беру басқармасы, аудандық және қалалық білім бөлімдері, мектептер, колледждер мен балабақшалар мұғалімдерге құрмет ретінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырады.

Мысалы, Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде жылы лебізде өткен кездесуде Әйгерім Еркенқызы сөз сөйледі.

– Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ең сауапты да жауапты іс. Сіздің әрбір сөзіңіз бен ісіңіз бізге жол сілтейтін нұрға айналды. бізге оқуды үйретіп қана қоймай, бойымызға еңбекқорлық пен адалдықты ұялаттыңыз. Сізден алған білім мен ғибратты өмірдегі баға жетпес байлық, – деді ол.

Ұстаздар өз кезегінде кәсіби жолындағы жылы естеліктерімен бөлісіп, шәкірттерінің жетістіктерін айтып, еңбектерінің жемісін көру қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

Жиын соңында білім басқармасының басшысы барлық ұлағатты мұғалімдерге алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті.

Павлодар облысының білім басқармасы баршаны іс-шараға қатысуға және күн сайын тәрбиелеп, оқытып, шабыттандыратын ұстаздарға алғысын білдіруге шақырады.

Ал әлеуметтік желіде #Ұстазыңдықұттықта #Поздравь учителя хештегімен арнайы челлендж өтеді.