Павлодар облысында бір айда сегіз мыңнан астам вейп тәркіленді
Әлеуметтік желі арқылы таралып жатқан тыйым салынған сұйықтықтар айналымнан шығарылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбековтың сөзінше, рейдтік шаралар нәтижесінде бір реттік электронды темекілердің, вейптердің заңсыз сатылған үш орын анықталып, құқық бұзушылық фактілері анықталды. Барлық материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін полиция департаментіне жолданды.
– Биыл тамызда 8388 дана вейп тәркіленіп, қылмыстық істер тіркелді. Яғни, зиянды заттар бар тыйым салынған өнімдердің ашық нарыққа түсуіне жол берілген жоқ. Мұндай темекілер адамға өте зиянды, – деді Жоламан Қиналбеков.
Дүкен нүктелерінен бөлек, заңсыз сатылымға тыйым салынған шекпейтін темекі өнімдері «Telegram» мессенджері арқылы сатылады. Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының жетекшісі Серік Муслимов электронды темекілерді қарапайым темекілерге балама деп санауға болмайтынын атап өтті.
– Көптеген вейптердің құрамында никотин бар, ал ол жасөспірімдер мен балалардың дамып келе жатқан миына, әсіресе эмоцияларды бақылау, шешім қабылдау және импульсивтілікке жауап беретін бөліктеріне теріс әсер етуі мүмкін, – деді Серік Муслимов. – Балалар мен жасөспірімдерді вейптерде жеміс-жидек немесе кондитерлік хош иістендіргіштері қызықтырады.
Айта кетейік, 20 маусымнан бастап электронды темекілерге қатысты жаңа бап енді. ҚР ҚК 301-1-бабына сәйкес «Шекпейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сату және тарату 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салумен, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алумен жазаланады». Барлық тәркіленген заңсыз темекі өнімдер жойылуға жатады.