Павлодарда мәдениет саласының майталмандары марапатталды
180-ге жуық адам түрлі марапатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай кеш ұйымдастырылды. Бұл мереке ресми түрде Президенттің жарлығымен 2013 жылы енді. Салтанатты жиында театр, музей, кітапхана сынды мәдениет саласының қызметкерлері бас қосты. Қызметкерлер түрлі наградалармен марапатталды.
– Ертіс –Баян өңірі мәдениеттің қасиетті шаңырағы десем қателеспеймін. Себебі біздің өңір – талай өнер майталмандарының мекені. Ұлтымыздың руханияты мен мәдениетін сақтауда сіздердің үлестеріңіз мол, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Іс-шара барысында «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» марапатымен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Әділбек Әміренов және Павлодар облысының бас режиссері Алтынбек Рахметов марапатталды. Ал «Еңбек ардагері» марапатына Ақтоғай аудандық мәдениет үйінің нұсқаушысы Бейсенбі Мұқажанов, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және археология бөлімінің бас маманы Қайырбек Қарғасеков, Ақтоғай аудандық кітапхана жүйесінің ардагері, зейнеткер Дана Жармакина ие болды.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл мәдениет саласын қаржыландыру 20 пайызға артқан. Ал 1 миллиардтан астам теңгеге Ақсу қаласына қарасты Алғабас, Баянауыл ауданның Ақши, Тереңкөл ауданының Береговое ауылдарына мәдениет ошақтары салынып, қайта құрылды.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы драма тетрдың әртісі Бейбіт Шәнім мәдениет саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді.
– Мен мәдениет саласында театр ашылғаннан бері, дәлірек айтқанда, 34 жыл жүрмін. Оған дейін мәдениет, өнер саласында оқыдық, тоқыдық, білім алдық. Жалпы биыл жемісті жыл болды деп есептеймін, – дейді Бейбіт Шәнім.
Облыс әкімінің қолынан «Мәдениет саласының үздігі» марапатын алғандардың ішінде Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық жөніндегі бастығының орынбасары Сәуле Мұқаева да марапатталды.
– Мен мәдениет саласында 2003 жылдан бері жүрмін. Иса Байзақов филармониясында 10 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Енді бұл марапат та оңай келген жоқ. Қысқаша айтқанда, өнер мен менің өмірім – егіз, – дейді Сәуле Мұқаева.
Айта кету керек, іс-шара барысында 180-ге жуық қызметкер түрлі марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, кеш барысында облыстағы шығармашылық ұйымдардың ұжымдары өнер көрсетіп, би билеп, ән шырқады.