Астана күні: Павлодарда веложарыс өтеді

Астана күні:  Павлодарда веложарыс өтеді

5 шілдеде мектеп жанындағы лагерь оқушылары төменгі жағалауда «Астана – мақтанышым» веложарысына қатысады, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына 1-5 шілде аралығында тақырыптық және шығармашылық байқаулар, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер өткізу қарастырылған.

1 шілдеде Достық үйі алдындағы алаңда шағын ауданның 100-ден астам баласының қатысуымен «Елдің бас қаласы» суреттер байқауы өткізілді. Ленин, Металлургтер, Гагарин, Ауғандықтар, Усолка саябақтарында мектеп жанындағы лагерьлердің 1000-нан астам оқушысы мерекеге арналған «Менің қалам» эко-серуеніне қатысты. Балалар саябақтардың құрылу тарихымен, аллеялармен, ағаштар мен өсімдіктердің түрлерімен танысты.

3 шілдеде қала мектептерінің 3-сынып оқушылары үшін «Астана – менің елордам» атты қашықтықтан үздік эссе байқауы өткізіледі. Сол күні № 25 ЖОМ стадионында «OPEN AIR» жазғы жобасы аясында балалар музыка мектебі Усолка шағын ауданының көрермендеріне «Әнім саған арнадым» концерттік бағдарламасын ұсынады. Концертте домбырашылар өнер көрсетеді, Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған вокалдық шығармалар, күйлер орындалады. 

4 шілдеде «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубында ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар өтеді. Қала мектептері жанындағы лагерьлердің 1000-нан астам тәрбиеленушісі қатысады.

5 шілдеде «Жазғы MIX - 2023» жазғы жобасы аясында қала мектептерінің оқушылары арасында «Квиз, плиз Астана» интеллектуалды-ойын-сауық викторинасы өткізіледі. Балалар көркемсурет мектебінде мектеп оқушыларының «Елордамыздың көрікті жерлері» атты суреттер көрмесі ашылады. Жас суретшілер көрмеге Астана күніне арналған 15-тен астам шығармашылық жұмысын ұсынады. Мектеп жанындағы лагерь оқушылары, шағын ауданның балалары үшін көркем шығармашылықтың шеберлік сыныбын, асфальтта суреттер байқауын өткізу жоспарлануда.