Мереке тарихы – ел тарихы

Мереке тарихы – ел тарихы
Фото: Валерий Бугаев

Республика күні 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күнге орай белгіленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

25 қазанда Қазақстанда ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Бұл мереке 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күнге орай белгіленген. Аталған құжат мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарын бекітіп, тәуелсіздікке бастар жолдағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.

Декларация өткен ғасырдың соңындағы үлкен өзгерістер кезеңінде қабылданды. Сол уақытта республикада мемлекеттік құрылым, шешім қабылдаудағы дербестік, экономиканы дамыту және елдің алдағы даму бағытын айқындау мәселелері белсенді талқыланды. 

1995 жылы Павлодар облыстық «Звезда Приртышья» газетінің беттерінде тарихшы М. Шаймерденов бұл туралы былай деп жазған еді:

«Қазақстандықтар Республика күнін алғаш рет 1990 жылғы 6 қазанда атап өтті. Дәл осыдан жетпіс жыл бұрын, 1920 жылғы 6 қазанда Қазақстан еңбекшілерінің құқықтары туралы декларация қабылданған болатын. Ұзақ уақыт бойы ол ұлттық мемлекеттіліктің құрылуын жариялаған алғашқы конституциялық акт ретінде бағаланды. Екі жыл бойы бұл күн Қазақстанның жалпыхалықтық мерекесі ретінде аталып өтті».

М. Шаймерденовтің айтуынша, декларация мемлекеттілігіміздің негізін қалап, елдің Негізгі заңының іргетасына айналды, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму бағыттарын айқындады.

«Бұл – отандық тарихтағы республиканың дербес мемлекет ретіндегі мәртебесін тұтас айқындап, оны нақты құқықтық норма түрінде бекіткен алғашқы құжат. Онда егемендіктің барлық белгілері қамтылды: өз аумағы мен азаматтығы, ел ішіндегі мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы, Конституция мен заңдардың үстемдігі, өз бюджеті мен қаржы-несие жүйесі, жеке күштік құрылымдары, халықаралық қатынастардағы дербестігі және, ең бастысы, мемлекеттік егемендіктің классикалық нышандары – Елтаңба, Ту мен Әнұран», – деп жазды тарихшы.

1995 жылы 25 қазан ұлттық мереке болып белгіленсе, 2001 жылы оған мемлекеттік мереке мәртебесі берілді. Ал 2009 жылы Республика күнін атап өту мүлдем тоқтатылды. Мемлекеттік егемендіктің жариялануы тәуелсіздіктің жариялануы сияқты маңызды оқиғаға бастайтын аралық кезең ретінде қарастырыла бастады.

Тек 13 жылдан кейін жағдай өзгерді. 2022 жылғы маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанын еске салған Президент оны республиканың тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы деп атады.

«Республика күні Қазақстанның мемлекеттілікке қарай жасаған батыл қадамының символы болуға тиіс. Республика күні – халықтың рухын көтеріп, мемлекеттілікті нығайтуға, бірлігіміз бен ынтымағымызды бекемдеуге арналған жарқын мереке», – деді сол кезде Мемлекет басшысы.

Қайта жаңғырған ұлттық мерекеге орай сол жылдың 25 қазанында өңірлерде алғаш рет Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті.

«Бұл маңызды іс-шара халқымыздың патриоттық рухын, ұлттық сана-сезімін нығайтуға бағытталған. Көк байрағымыз егемендік, бостандық, бірлік пен бейбітшілік сияқты құндылықтарды білдіреді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мереке құтты болсын! Республика күні құтты болсын!