Павлодар облысының студенттері «Жасыл әлем»-ге саяхаттады
Іс-шараға қырықтан астам жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығында «Жасыл әлем» атты экологиялық іс-шара өтті. Оған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жалпы орта білім беру мектебінің, Аманжол Шәмкенов атындағы №16 мектеп-лицейдің оқушылары, ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері және облыстық «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қатысты.

Квест-ойын «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтті. Қатысушылар үшін экологиялық квест, жылыжайға, «Жас эколог» музейіне және экологиялық-ботаникалық кешенге экскурсиялар ұйымдастырылды.
Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының командирі Гүлнәр Нұрмұханбетованың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген қызығушылығын арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
– Бүгін балалар мен жасөспірімдер өңіріміздегі өсімдіктер туралы жаңа мәліметтер алып қана қоймай, оларды өз көздерімен көріп жатыр. Осындай шаралар арқылы табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйретуге тырысамыз, – деді Павлодар облыстық штаб командирі.
Бағдарламаның негізгі бөлігі алты тақырыптық бекеттен тұрған экологиялық квест болды. Әр бекетте қатысушылар Қазақстанның жануарлар және өсімдіктер әлеміне, табиғатты қорғауға қатысты тапсырмалар орындады.

«Жануарлар әлемі» бекетінде оқушылар жабайы жануарлар, олардың мекендейтін ортасы, қоректену ерекшеліктері мен халық арасындағы атаулары туралы сұрақтарға жауап берді.
Ал «Табиғатпен үндестік» алаңында экологиялық мәдениет пен адамның қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру қағидалары талқыланды. Қатысушылар күнделікті әдеттердің экологияға әсері туралы ой бөлісті.
«Екінші өмір» станциясында жастар қалдықтарды қайта өңдеу мен заттарды қайта пайдалану жолдарын қарастырды. Олар қажетсіз бұйымдарға жаңа қолданыс табу арқылы қоқыс көлемін азайту тәсілдерін ұсынды.

«Өсімдіктер әлемі» бекетінде командалар өсімдіктерді өсетін ортасына қарай топтастырып, дала және таулы аймақ флорасын ажыратты.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырған бекеттердің бірі – «Жасыл дәріхана» болды. Мұнда олар емдік қасиеті бар дәрілік өсімдіктер мен гүлдердің атауларын еске түсіріп, олардың пайдасы туралы білімдерін көрсетті.
Квесттің соңғы кезеңі «Қазақстан биоценоздары» деп аталды. Бұл жерде табиғи аймақтар, экожүйелердің алуан түрлілігі және олардың тіршілік иелері туралы тапсырмалар берілді.

Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының әдістемелік кабинет меңгерушісі Ирина Ефимованың айтуынша, бағдарлама тек экологиялық акцияға ғана емес, Балаларды қорғау күніне де орайластырылған.
– Біз балалардың табиғаттың қадірін кішкентайынан түсінгенін қалаймыз. Таза ауа, мөлдір су, өсімдіктер мен жануарлар әлемі – мұның бәрі біздің қоршаған ортаға деген қарым-қатынасымызға байланысты. Сондықтан ойындар мен тәжірибелік тапсырмалар арқылы балаларды табиғатты аялауға баулимыз, – деді ол.
Квест аяқталғаннан кейін қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, экскурсияларға қатысты. Олар «Жас эколог» музейін аралап, орталықтың экологиялық жобаларымен танысты, сондай-ақ экологиялық-ботаникалық кешенді көрді.
Жылыжайға ұйымдастырылған экскурсия ерекше әсер қалдырды. Мұнда Павлодар өңірінде сирек кездесетін экзотикалық өсімдіктер өсіріледі. Қатысушылар інжір, киви, авокадо және басқа да дақылдарды көріп, оларды өсіру ерекшеліктері туралы білді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Диана Киселёва мұндай шараларға бірнеше жылдан бері қатысып келеді.
– Мен экологияға қызығамын, сондықтан бұл квестке қуана келдім. Осындай кездесулер жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік береді және табиғатты таза сақтаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады, – деді оқушы.
Ал Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің бірінші курс студенті Анна Тапалованың пікірінше, экологиялық дағдылар бала кезден қалыптасуы қажет.
– Біз – Қазақстанның болашағымыз. Егер қоршаған ортаны өзіміз қорғамасақ, оны біздің орнымызға ешкім жасамайды. Суды үнемдеу немесе қоқысты дұрыс сұрыптау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен маңызға ие, – дейді студент.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың туған өлкенің табиғатын тереңірек тануына мүмкіндік беріп, экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастырады. Сонымен қатар табиғатты қорғау үлкен бастамалардан емес, әр адамның күнделікті қарапайым әрекеттерінен басталатынын көрсетеді.