Павлодарлық университет кітап оқу марафонын жариялады

Павлодарлық университет кітап оқу марафонын жариялады
Фото:pixabay.com

Студенттер 15 күн ішінде кітапты оқып, квиздің сұрақтарына жауап береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері арасында қазақ тілі мен әдебиетті насихаттауға арналған кітап оқу марафоны басталды. Бұл жоба Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Толық адам» концепциясын жүзеге асыруды мақсат етеді. Марафонның мақсаты – қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандарды ынталандыру, командалық жұмыс пен білім алмасуды күшейту.

Марафонға Ә.Марғұлан атындағы ППУ-дың күндізгі және сырттай бөлімдерінің студенттері, сондай-ақ, 1-4-курс аралығындағы жоғары мектеп студенттері мен студенттік ұйымдар қатыса алады. Әр командада үш адам болу керек. Кітап оқу марафоны 15 күнге созылады. Командалар осы уақыт аралығында Александр Бектің Арпалыс (Волокаламск тас жолы) кітабын оқып, марафон талаптарын орындауы қажет. Марафон соңында қорытынды квиз ойыны өтеді. Жеңімпаз команда ең көп ұпай жинаған ұжым болады. Жеңімпаздар сертификаттар, кітаптар және жүлделермен марапатталады.

Өтінімдер 19 ақпанға дейін қабылданады. Қатысу үшін өтінішті +7 (705) 663- 68-40 WhatsApp арқылы жіберуге болады.