Павлодар өңірі футболшылары Қазақстан Кубогы үшін тартысқа түседі

Павлодар өңірі футболшылары Қазақстан Кубогы үшін тартысқа түседі
Фото: «Тобыл» ФК

«Ертіс» алаңға шықпай-ақ келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

8 сәуірде футболдан Қазақстан Кубогының 1/16 кезеңінің ойындары өтеді. Жеребе Павлодардың «Ертісіне» Астананың «SD Family» командасын таңдады. Дегенмен, елордалық жекеменшік клуб биылғы маусымда барлық ресми турнирлерден бас тартты, осылайша «Ертіс» 1/8 кезеңге автоматты түрде өтті.

Ақсулық тағы бір жекеменшік клуб «Аңсат» керісінше тартысқа сақадай сай әзір тұр. Бұл команданың кәсіби футболдағы алғашқы маусымы. «Аңсат» Екінші лига чемпионатында сәтті дебют жасап, өз алаңында «Жетісудың» жастар командасын 3:0 есебімен жеңді. Кубокта дебютанттар қиынырақ қарсыласпен кездеседі.

Қазіргі Кубок иегері Қостанайдың «Тобылы» Ақсуда қонақ болады. Нұрбол Жұмасқалиевтің командасы Премьер-лига турнир кестесінің төменгі сатысында тұр. Сондықтан қостанайлықтар бұл матчта қалай дегенмен де жеңіске жетуге тырысады. Екінші жағынан, команда ішіндегі проблемалар «Аңсаттың» пайдасына шешілуі мүмкін. Матч «Достық» стадионында сағат 14:00-де басталады.

Павлодар облысынан Қазақстан футболындағы екінші беделді трофей үшін жарысқа түсетін үшінші команда – Екібастұздың «Батыры». Клуб маусым басталмас бұрын атауы өзгертілді. Мұның әзірше көмегі тигені екіталай – Бірінші лиганың бірінші турында «Батыр» батырлық таныта қоймай, «Тараздан» жеңілді. Кубокта «Батыр» өз алаңында «Каспиймен» ойнайды, ойын сағат 15:00-де басталады.

Барлық матчтарды KFF Leauge ресми YouTube-арнасынан көруге болады.