Бірінші лига фавориттерінің бірі Екібастұзда опық жеді
Кеншілер жеңісті соңғы минуттарда жұлып алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Виталий Спарышев біршама жаңарған құрамда алаңға шықты. «Хан Тәңірі» ойынды белсенді бастады. Алматылықтар биыл Премьер-лигаға шығуды мықтап қолға алған – команда турнир кестесінде көшбасшылар қатарында келеді.
Алайда есепті алаң қожайындары ашты. Командаға жақында ғана келіп қосылған Диас Орынбасар сол қапталда бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, айып алаңында тұрған Мирас Тұрлыбекке доп жеткізді. «Екібастұз» шабуылшысы жақын жерден допты қонақтар қақпасына дәл көздеді – 1:0. Сәлден соң Мирас Тұрлыбек есепте еселеуге мүмкіндік алды. Бірақ ол «Хан Тәңірінің» қақпашысымен бетпе-бет шығып, одан айласын асыра алмады.
Екінші таймда да көрермен қызық ойынның куәсі болды. 71-минутта «Екібастұз» қорғаушысы Карам Сұлтанов алматылық Әлішер Рахымжановтан көз жазып қалып, оның есепті теңестіруіне кедергі бола алмады. Қақпашы Мирас Рихард шабуылшының бірінші соққысын қайтарған, алайда доп айналып қайтадан Әлішер Рахымжановқа келді – 1:1.
Матч аяқталуына бірнеше минут қалған шақта алматылықтар қателікке бой алдырды. Бауыржан Рахмет берген допты алысқа тебуге талпынған «Хан Тәңірі» ойыншысы Ілияс Күлбайұлы ала допты Даниял Кәкеновтің аяғына салып берді. Соңғысы бұл қателікті кешірмеді – 2:1.
«Екібастұз» ұш ұпай жинап, турнир кестесінің жетінші орнына шықты. Келесі ойынды кеншілер сырт алаңда өткізеді. 2 тамызда Виталий Спарышев командасы «Ақтөбе Ж» ұжымына қарсы ойнайды.