Павлодар тумасы еліміздің бас командасы үшін тұңғыш рет ойнады
«Ертіс» футбол орталығының түлегі Арман Кеңесов жеңіспен аяқталған Қазақстан құрамасының матчына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ақтөбе» жартылай қорғаушысы Сан-Мариноға қарсы іріктеу матчының 71-минутында команда капитаны Асхат Тағыбергеннің орнына алаңға шықты. Павлодарлық өрен құрама ойынын күшейтіп, гол соғатындай мүмкіндікке ие болған. Алайда алаң қожайындарының қақпашысы Арман Кеңесовтің соққысын қайтарды.
- Құрама сапында тұңғыш рет ойнағаныма қуаныштымын, бапкерлерге рахмет, - деді Арман Кеңесов. – Өте бақыттымын, эмоциялар кеудеме сыймай тұр. Гол соғатындай мүмкіндік болды, бірақ бәрі алда деп сенемін. Жанкүйерлерге алғыс айтамын, бүгін үйде ойнағандай сезіндік. Бастысы Қазақстан жанкүйерлерін қуанттық.
Айта кетейік, құраманың оқу-жаттығу жиынына тағы бір павлодарлық футболшы – «Ақсу» шабуылшысы Мирас Тұрлыбек шақырылған еді. Алайда, ол Еуро-2024 іріктеу матчтарына баратындар тізіміне енген жоқ.
Бүгін елдің бас командасы Солтүстік Ирландиямен кездесу өткізеді. Ойынды Qazsport телеарнасының тікелей эфирінен көруге болады. Басталуы сағат 00:35-те.
Фото: @kff_team