Павлодарда ұландықтар балаларды ертегілер әлемімен қауыштырды
Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімі халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жыл сайын әскери бөлім аумағында әскери қызметшілердің балаларына түрлі салтанатты шаралар ұйымдастыратын әскери бөлім биыл кішкентай бүлдіршіндерді театрға алып келді. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрында мереке иелері «Күлше қыз» ертегісін тамашалады.
- Мен бізге арналған қойылымнан ерекше әсер алдым. Менің анам қызмет атқаратын әскери бөлім кез келген мерекеде бізді ұмытпай елеп ескеріп, жатады. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесінде бағалы сыйлықтар табыстайды. Бізге ерекше көңіл–күй сыйлаған іс-шара ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, - дейді шара қонағы Тимур Сәрсенбаев.
Театрға елуге жуық әскери қызметшінің балалары шақырылып, сахна саңлақтарының шеберліктеріне куә болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ертегі баланың ойлау қабілетін дамытып, қиялын шыңдайды.

5512 әскери бөлімінің клуб бастығы капитан Балжан Шахиеваның айтуынша, «Күлше қыз» ертегісінің қойылымын көрсету арқылы балалардың танымдық белсенділігін арттырады. Балалар бұл шарадан кішіпейілділікке, мейірімділікке өзара сыйласып, достық қарым-қатынаста болуға, бірін-бірі құрметтеп, үлгі тұтуға үйренді деген ойдамыз.