Павлодар жұртшылығы қала маңындағы ауылдарда мектеп салуды ұсынды
Себебі қала маңындағы ауылдарда балалар саны өсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған мәселе облыстық қоғамдық кеңес көтерілді. Кеңес мүшесі Бақыт Бексейітова жаңа білім беру мекемелерін салуды қарастыру қажеттігін атап өтті.
– Соңғы үш жылда облыста 10 мектеп бой көтерді. Менің есімде бір жылда бірден алтауы салынған болатын. Күрделі жөндеуге де үлкен көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша Авиақалашық ауданында мектеп және Кенжекөлде балабақша салу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек Байдалы мен Долгое ауылдарына да мектеп салу мәселесін қарастыруды ұсынар едім, – деді Бақыт Бексейітова.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл мәселе өзекті және уақытылы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде.
– Ең алдымен Кенжекөл, Атамекен және Павлодар ауылындағы, сондай-ақ Баянауылдағы оқушы орындарының жетіспеушілік мәселесін шешеміз. Байдалыда 65 оқушы, Долгое ауылында 35 оқушы тұрады. Егер балалар саны өссе, біз мұндай жобаны қолдаймыз. Бірақ мектеп құрылысын 2026 жылғы жоспарға енгізе алмаймыз. Мүмкін, 2027 жылға қарастырамыз, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбеноваға бұл мәселені жан-жақты зерттеуді тапсырды.
Еске сала кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 1800 орынды екі мектеп пайдалануға берілді. Бір жыл ішінде 67 әлеуметтік нысан жөнделді. Инвесторлар қаражатына үш ауылдық мектеп салынды. Олар Аққулы ауданының Тілектес ауылында 90 орынды, Павлодар ауданының Бірлік ауылында 120 орынды және Ертіс ауданының Бұланбай ауылында шағын жаңа ауылдық мектебі салынды. Биыл Екібастұз қаласының Атығай ауылында және Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында тағы екі жаңа мектеп ашылады деп күтілуде.