Павлодарда бес мың оқушы бірінші сыныпқа барды

Павлодарда бес мың оқушы бірінші сыныпқа барды
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі

Облыс орталығының 46 жалпы орта білім беретін мектебінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алғашқы қоңырау 1-сыныптың 5000 оқушысы және 11-сыныптың 1668 оқушысы үшін соғылды. № 21 мектептің салтанатты сап түзуіне Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева қатысты.

2-10-сынып оқушылары үшін 29 тамызда жаңа оқу жылына қатысты жиындар өткізілді. Балалар сынып жетекшілерімен, оқу кабинеттерімен танысты.

Білім күні – 2 қыркүйекте 50 мың 1-11-сынып оқушылары үшін «Менің Отаным – Қазақстан», «Моя Родина – Казахстан!» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Олармен бірге педагогикалық еңбек ардагерлерінің, қамқоршылық кеңес мүшелерінің, білім алушылардың ата-аналарының қатысуымен білімге, еңбексүйгіштік пен патриотизмге, рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытуға, достық, жауапкершілік және өзара сыйластық ұғымдарының мағынасына деген ұмтылыстары талқыланды. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.

Салтанатты іс-шара аясында қала мектептерінің барлық оқушылары мен сынып жетекшілер үшін бейне роликтер байқауы басталды. Хэштег: #Bilim_quni.

Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие үдерісінің басымдықтары білім сапасы, білім алушылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, баланың жеке басына деген құрмет пен сенім, мектептердің ата-аналар жұртшылығымен өзара іс-қимылы негізінде балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.