Павлодарда бас сарапшы ең дәмді авторлық кофе дайындайтын жастарды таңдады
Аймақта «World Skils Pavlodar-2024» өңірлік чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарысқа Павлодар сервис және тамақтану колледжі, технологиялық колледжі жәнеТереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжінің студенттері қатысты.
Облыстың «Мейрамхана ісі» құзыреттілігі бойынша бас сарапшысы, техника ғылымдарының магистрі Альмира Садриденованың айтуынша, жастар үш түрлі модуль бойынша сынға түсті.
– «Мейрамхана» модулі бойынша қатысушылар төрт қонаққа толығымен, яғни, тамақ әкелу, сусындар құю, ақ және қызыл шарапты ұсынып, қызмет көрсетті, – дейді Альмира Садриденова. – «Банкет-фуршет» модулі бойынша ашық отпен жұмыс жасауды паш етті. Үшінші модуль бойынша олар барда жұмыс істеді. Жеребе бойынша кофенің классикалық түрін дайындады. Сонымен қатар, олар өздерінің қиялдарына байналысты кофенің жаңа түрін, яғни, авторлық кофе жасап, тауелсіз сарапшыларға ұсынды.
Тереңкөл ауданынан келген қатысушы Алина Молчанова бұл жарыс туралы ұстазынан естіп, қызығып, қатысуға шешім қабылдағанын айтады. Чемпионатқа жақсы дайындалып келген студент, авторлық кофеге апельсин қосылған раф дайындаған.
–Сайыс өте қызық өтті, – дейдіекінші курс студенті. – Көптеген адамдар жұмыс істеп жатқанда қарап тұрғаннан кейін қатты қобалжыдым. Бірақ тырысып, жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын.
Бас сарапшының айтуынша, Павлодар облысы республикалық чемпионатқа төрт рет қатысқан. Алғаш рет 2019 жылы алтыншы орынға, келесі жылы үшінші орынға ие болса, одан кейінгі жылы жеңімпаз атанып, алтын медаль алған.
–Биыл да қанжығамызға алтын салдық, – дейді спикер. – Қазір Артур есімді студент Францияның Лион қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалуда. Яғни, Павлодар облысының студенті Қазақстанның намысын қорғауға аттанады. Ол қазіргі уақытта сервис жене тамақтану колледжінде оқиды. Біз өте ұзақ уақыт дайындалудамыз. Бұл бір күндік жұмыс емес. Себебі республикалық чемпионат, сондай-ақ әлемдік чемпионат жеті сағаттан үш жұмыс күніне созылады.
Конкурс төрт бөлімнен тұрады: даяшы, бармен, бариста және сомельердің жұмысы. Дайындық күн сайын кешенді түрде – ағылшын тілі сабағы, спорттық дайындық және кәсіби модульдерді пысықтау бойынша болады.
Республикалық чемпионаттың жеңімпазы Алматы қаласында «сомельер» курсын оқыған, емтихан тапсырып, сертификат алған. Ал, кофе жасау бойынша чемпионатта үшінші орын алып, бірінші жүлдегер атанған «Крендель» ЖШС-нің бас баристасымен жұмыс істеп, біліктілігін арттыруда. «Даяшы» модулі бойынша «SUNSET» мейрамханасының базасында жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол әлеуметтік серіктестердің көмегімен барлық біліктіліктер бойынша кешенді түрде дайындықтан өтуде.
Бұл жарыстың басты мақсаттарының бірі жұмысшы мамандықтарын танымал етуге бағытталған. Чемпионат Павлодар облысында және жалпы республикада 30-дан аса құзырет бойынша өткізіледі. Яғни, оған, шаштаразшылар, бет әрлеушілер, аспаздар, кондитерлер, мейрамхана қызметі, плиткамен қаптау, электр монтажы және тағы сол сияқты мамандықтар жатады.
Биыл әлем чемпионаты қыркүйек айында өтеді. Өткен жылы аталмыш байқау Польшада өткен.