Павлодарда үйлердің бірінде жертөлені ағынды су басып кетті
Бұл туралы ақпарат қалалық пабликтердің бірінде жарияланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Ломов көшесі, 154-мекенжайы бойынша орналасқан үйге кәріз жүйесіндегі кептелісті жою үшін шұғыл түрде апаттық бригада шықты.
– Жұмыс барысында жүйеден шүберектер мен басқа да бөгде заттар шығарылды, бұл кәріз желісінің дұрыс пайдаланылмауы салдарынан бітелгенін айғақтайды. Мұндай әрекеттер құбырларда кептеліс тудырып, жертөле үй-жайларының су астында қалуына әкеп соғады. Осыған байланысты, тұрғындардан кәріз жүйесін пайдалану ережелерін қатаң сақтауды және сток желілері арқылы тастауға арналмаған заттарды тастамауды сұраймыз, – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, тек жауапты қарым-қатынас қана мұндай келеңсіз жағдайлардың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.