Павлодарда жасыл белдеуді қалпына келтіру қолға алынды
Жасыл белдеу Омбы тас жолы бойында Жаңаауыл ауылы мен «Нефтяник» бағы маңында пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінгі сенбілік облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өтті. Сенбілік аясында Металлургтер саябағында ағаш көшеттері отырғызылды.
Қала әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, 2023 жылы қалада 20 мың түп ағаш отырғызылады. Оның 8700-і «Жастар» шағын ауданында отырғызылады. Тікелей қалада 1,5 мың гектар алқап егіледі. 12 учаске анықталды. Оларды 20 техника аптасына үш рет суарады.
Сондай-ақ, облыс пен қала басшылығы жасыл белдеуді қалпына келтіруді қолға алды. Осы мақсатта жер телімі бөлінді. Оған кәсіпкерлер қаладағы жұлынған ағаштардың орнына ағаш отырғызуға міндеттеледі. Оның ені 120 метр, ұзындығы 1,5 шақырым болады.
Эколог Татьяна Пономарева ескі ағаштарды жаңасына ауыстыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, сонау 60-жылдары отырғызылған ағаштардың өнімділігі айтарлықтай төмендеген.
– Міне, осыны халыққа қалай түсіндіруге болады, өйткені ескі ағаштарды жаңасына ауыстыру керектігін бәрі түсіне бермейді, – деді Асайын Байханов. – Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 60-жылдары отырғызылған ағаштардың өмір сүру мерзімі өтіп кеткенін түсіндіру керек. Олар енді көмірқышқыл газының қажетті мөлшерін сіңірмейді және оттегінің тиісті мөлшерін шығармайды, яғни табиғи сүзгі қызметін атқармайды.
Сондай-ақ аймақ басшысы Павлодарда көгалдарды автоматты түрде суару жүйесін дамытуды тапсырды.