Сайлау теңдігі: Павлодарда заманауи оқу учаскесі ашылды

Сайлау теңдігі: Павлодарда заманауи оқу учаскесі ашылды
Фото: Ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз қызметі

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыру мақсатында ақпараттық технологиялар колледжінде арнайы үлгілі нысан іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжінде мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқығын толық жүзеге асыру мақсатында өңірдегі тұңғыш оқу сайлау учаскесі ашылды. Шара аясында «Кедергісіз сайлау» атты диалог алаңы өтіп, арнайы жабдықталған учаскенің таныстырылымы ұйымдастырылды. Мұнда кресло-арбаға таңылған азаматтар, көру немесе есту қабілеті бұзылған жандар, сондай-ақ қарттар мен уақытша жарақат алған тұрғындар үшін дауыс берудің мүлдем жаңа тәсілдері енгізілген.

Егер осыдан он жыл бұрын нысанның қолжетімділігі тек пандустармен өлшенсе, бүгінде бұл жеткіліксіз. Сәулелі манарлар, мнемосұлбалар мен дыбыстық ақпараттандыру жүйелері кез келген әлеуметтік мекемеде болуы тиіс стандартты дүниелерге айналды. Ал бұл оқу учаскесінің жабдықталуы ерекше, – деді колледждің баспасөз қызметі.

Мұнда баспа мәтінін дыбыстайтын тифломаркер, бейнелупа және есту қабілеті нашар жандарға ақпаратты анық естуге мүмкіндік беретін индукциялық ілмек аймағы қарастырылған. Барлық нұсқағыштар Брайль қарпімен жазылып, еденге тактильді бағыттаушы жолақтар төселген.

Колледждің мұндай жоба алаңы ретінде таңдалуы тегін емес. Оқу орны қала орталығында ыңғайлы жерде орналасқан әрі мұнда сапалы кедергісіз инфрақұрылым бұрыннан қалыптасқан. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл ретінде мен бұл бағыттағы жұмыстарды тікелей қадағалап отырмын, – деп жазды колледж басшысы Серік Жартыбаев Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жүз мыңдаған сайлаушы бұған дейін негізінен үйден дауыс беретін. Алайда олардың белсенді әлеуметтенуі сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын өз бетінше жасауға деген құлшынысын арттырып отыр. Колледж басшысы осыған жағдай жасауды міндет деп біледі. Себебі жайлы орта тек физикалық кедергілерді ғана емес, адамдардың бойындағы психологиялық тосқауылдарды да жеңуге көмектеседі.