Павлодарлық тұрғын ұрланған телефонын тауып берген полицейлерге алғыс айтты

Павлодарлық тұрғын ұрланған телефонын тауып берген полицейлерге алғыс айтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары жоғалған мүлікті жедел іздестіріп, иесіне қайтарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны ұрланған ұялы телефонын іздеуге көмектескен қалалық Оңтүстік полиция бөлімінің жедел уәкілдері Ермұхан Қайраш, Даниял Нұрғалиев және Бахтияр Шоновқа ризашылығын білдіріп, алғыс хат жолдады.

Азамат өз өтінішінде полиция қызметкерлерінің жедел әрекет еткенін, үнемі байланыста болып, атқарылған жұмыстар туралы хабардар етіп отырғанын атап өткен.

– Сіздерге ауыр еңбектеріңіз, бейжай қарамайтындықтарыңыз, жанашырлықтарыңыз және қызметтік міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Осындай қызметкерлердің арқасында полицияға деген сенім мен құрмет арта түседі, – делінген тұрғынның алғыс хатында.

Оңтүстік полиция бөлімі көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, азаматтардың өтініштеріне мұқият қарау және көмек көрсету негізгі міндет екенін еске салады.