Павлодарлық оқушылар ірі кәсіби бағдар беру мерекесінің куәсі болды

Павлодарлық оқушылар ірі кәсіби бағдар беру мерекесінің куәсі болды
Фото: автор

Қаңтар айынан бері тоғыз ірі профориентациялық іс-шара өткізілген, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі. 

С. Торайғыров облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында қала колледждері мен мектеп оқушыларының басын қосқан ірі көлемдегі «Адал еңбек – Мамандық мерекесі» атты қорытынды іс-шара өз мәресіне жетті. Бұл мереке жыл басынан бері жүргізіліп келген «Адал еңбек» жобасының нәтижесі ретінде өткізілді.

– Биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғандықтан, біз Павлодар қаласындағы барлық колледждермен бірлесе отырып, жұмысшы кәсіптердің беделін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыс жүргіздік, – деді облыстық кітапхананың өнер секторының басшысы Айсұлу Байғабылова.  

Жоба аясында, шаһардағы барлық колледждер өздерінің мамандықтары жайлы ақпараттарын ұсынып, бейнероликтер, таныстырылымдар, шеберлік сабақтарын көрсетті. Жоғары білікті өндірістік оқыту шеберлері тәжірибелі ұстаздар арнайы келіп, кәсіби бағыт-бағдар беріп, кәсіпорындармен бірлескен дуалды оқыту жүйесі түсіндірді. Ал зауыттарда жұмыс істеп жүрген студенттер оқушыларға өз тәжірибесі жайлы әңгіме етті.

– Бұл – біздің қала мен облыстағы білім беру ұйымдарының үлкен еңбегі. Әр колледж өз студентіне барлық қажетті жағдайды жасайды, – деді Айсұлу Байғабылова.

Қорытынды іс-шараға кітапхана аумағында сегіз интерактивті алаң ұйымдастырылды.

Әр колледж өз бағыты бойынша: викторина, сұрақ-жауап, шеберлік сабақ, ғылым мен техника тәжірибелері, мамандықтар парады, бейнетаныстырылымдар ұсынды. 

Іс-шараға Павлодар қаласының 9 және 11-сынып оқушылары қатысып, барлық колледждерге Алғыс хаттар табысталды.