Павлодарлық депутаттар бастамалары Қырғызстандай жерді мемлекет меншігіне қайтарады
Мәжіліс депутаттары жайылымдық жерлер тапшылығы проблемасын шешуге де атсалысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай және Вера Кимнің Павлодар облысына жұмыс сапары жалғасуда. Халық қалаулылары «AMANAT» партиясының өңірлік филиалында облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы әріптестерімен кездесті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетіне кіретін Нұржан Әшімбетов «Жайылымдар туралы» заңнамалық бастамалары туралы әңгімеледі. Депутат аталмыш нормативтік актіге жеті бірдей бап ұсынған. Заң 2024 жылдың 1 наурызынан заңды күшіне енеді.
- Бұл өте маңызды заң болмақ. Мысалы, біздің бастамамызбен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару тәртібі өзгерді. Бұрынғысынша меншік иесінің мал басы нормативтен 20 процентке тең болса, жерді алып қою мүмкін болмайтын. Енді біз оны 50 процентке жеткіздік. Бұл мемлекет меншігіне 20 миллион гектарға тең пайдаланбайтын жерді қайтаруға жол ашады, - деді Нұржан Әшімбетов.
Одан басқа, халық қалаулылары елді мекендер қажеттілігіне жерлерді резервке алуды қолға алды. Соның арқасында ауылдық округтер әкімдері жергілікті мәселелерді шешу үшін жер учаскелерін елді мекен қарамағында қалдыра алады. Бұл жайылымдар тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізбек.
Кездесу барысында әртүрлі деңгейдегі депутаттар басқа да проблемаларды талқылап, тәжірибе алмасып, өзара ықпалдастық бағыттарын айқындады.
Фото: автор