Ораза айт: Павлодарда ұлттық ән-күй, терме-жыр шырқалып, бауырсақ, палау таратылды

Мешіт ауласында 12 қанатты зәулім киіз үй тігілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ораза айт мерекесі күні ҚМДБ, Павлодар облысы бойынша өкілдігіне қарасты барлық мешіттерде таңғы сағат 07.00де Айт намазы оқылды. Облыстық орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде адам толы болды, алдымен уағыз айтылып, уақытында Айт намазы өтті.
Намаздан кейін мешіттің белсенді жамағаты мешіт ауласында намазға қатысушыларға бауырсақ, палау таратты.
Негізгі ресми шара Мәшһүр Жүсіп мешітінің үлкен ауласында сағат 14:00-де басталды. Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының құттықтау сөзінен кейін «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен мешіттің әйел жамағаты, әйел шәкірттері мен қажы апалар, өнерпаз жастар арнайы бағдарлама бойынша жиналған халыққа ұлттық ән-күй, би, терме-жырдан өнер көрсетіп, мешіт тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Ал мешіт ауласындағы 12 қанатты зәулім киіз үйде «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапхана меңгерушісі Назым Ғиззатқызының ұйымдастыруымен ҚМДБ- ның 35 жылдығына орай тарихи фото суреттер мен осы уақытта ҚМДБ сараптамасымен жарық көрген кітаптар көрмесі жасалып, көрерменге көзайым болды.
Сонымен қатар киіз үйде қажы апалар мен әйел-қыздар секторы бірлесіп ұлттық нақыштағы тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар көрмесі де жасалып, жиналған қауым молынан тамашалады.
Сондай-ақ, мешіттің шәкірт балаларына әртүрлі викториналық сұрақтар өткізіліп сыйлықтар берілді.
Іс-шара соңында мешіт алаңына жиналған халыққа наурыз көже, бауырсақ, палау үлестірілді.