Жалған бизнес: Павлодарлық тұрғын Астанада ұсталды
Ол тұрмыстық заттардың арзандатылған бағамен сатылатыны туралы хабарландырулар жариялаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының ақпаратынша, интернет-алаяқтық фактілерінің көбеюіне байланысты елорда аумағында «Stop-алаяқтық» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Полиция департаменті қала әкімдігімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ескерту сипатындағы материалдарды жаппай таратуды ұйымдастырды.
Полиция қызметкерлері алаяқтықпен айналысып жүрген күдіктіні ұстады. Павлодар қаласының тұрғыны жиһаздарды сату бойынша жалған бизнес ұйымдастырған. 30 жастағы қыз «OLX» сайтына тұрмыстық заттардың арзандатылған бағамен сатылатыны туралы хабарландырулар орналастырған.
– Ол қызығушылық танытқан азаматтарға мобильді банкинг арқылы бес мыңнан 30 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі шағын алдын ала төлем жасауды талап еткен. Қазіргі таңда полицияға 10-ға жуық алданған азамат жүгінді. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деді полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары азаматтардан туыстары, достары, көршілері мен әріптестері арасында ескерту материалдарын таратуға белсенді қатысуды сұрайды. Сондай-ақ, қырағылық танытып, жеке және банктік мәліметтерді, SMS-хабарламалардың мазмұнын ешкімге бермеуге, күмәнді сатушылардан тауарлар мен қызметтерді сатып алмауға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде екі факторлы аутентификацияны қолдануға шақырады.