Успендік кәсіпкер табиғи сүттен жасалған өнімнің құпиясын айтты
Табиғи өнімге сұраныс артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда өткен жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауында жергілікті өндірушілер өз өнімдерін таныстырды. Биыл көрмеде келушілердің ерекше қызығушылығын сүт өнімдері тудырды.
Солардың бірі – Успен ауданының тумасы Әбдімәлік Қолманбековтің «Оразәлі» жеке кәсіпкерлігі.

Кәсіпкердің айтуынша, отбасылық кәсіп табиғи әрі сапалы өнім өндіруге деген ниеттен басталған.
– Бұл кәсіпті табиғи әрі сапалы өнім ұсыну мақсатында бастадық. Өз шаруашылығымыз болғандықтан, жаңа сауылған сүттен өнім дайындауға мүмкіндік бар. Қазір адамдар табиғи, қоспасыз тағамдарға көбірек көңіл бөледі. Сол сұранысты көріп, сүт өнімдерін өндіруді қолға алдық, – дейді Әбдімәлік Қолманбеков.
Бүгінде кәсіпорында май, сүзбе, құрт және жартылай қатты ірімшік өндіріледі. Әр өнімнің дайындалу мерзімі әртүрлі.
– Барлық өнімді өз қолымызбен, сиыр сүтінен дайындаймыз. Майды кілегейі дайын болса, шамамен 30 минутта жасаймыз. Сүзбе алты сағатта әзірленеді. Ал жартылай қатты ірімшіктердің дайындалуы үш күнге созылады. Осы уақыт ішінде ірімшік дайындалып, кептіріледі, – деді кәсіпкер.

Қазіргі таңда кәсіпорын аптасына 100 килограмнан астам сүт өнімін шығарады. Өнімдер тұрақты тұтынушыларға ұсынылып қана қоймай, тапсырыс бойынша да дайындалады. Мысалы, бір литрлік сүттің бағасы 500 теңгені құрайды. Ал ірімшік, май өнімедері салмақ өлшеміне қарай әртүрлі бағада сатылады. Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында жаңа құрал-жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр.
Көрме жергілікті кәсіпкерлерге өнімін көпшілікке таныстыруға және өңірде өндірілетін табиғи тағамдарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыстың үздік тауар өндірушілері «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысу үшін іріктелген болатын. Сондай-ақ павлодарлық мамандар отандық өндірістің әлеуетін танытатын дрондарды көпшілік назарына ұсынды. Ал Ақсу қаласының шеберлері қолдан жасалған ағаш шахматты жұртшылыққа таныстырған еді.