Павлодарлықтар тұрғын үй кезегіне ұялы телефон арқылы тұра алады
Кezekte.kz сайты арқылы электронды түрде өтінім беруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық түрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, кезекке тұру үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Құжаттарды сайт арқылы онлайн тапсыру мүмкіндігі бар.
– База кірістер бойынша деректерді БЖЗҚ-дан көреді, мекенжай тіркеу туралы деректерді дербес көреді. Сіздің кезекке қоюға өтініміңіз 15 жұмыс күн қаралады және сіздің ұялы нөміріңізге қарастыру нәтижесімен 1414–тен SMS-хабарлама келеді, – дейді бөлімде.
Айта кетерлігі, Павлодар қаласында кезекке тұру үшін тұрақты тіркелу талап етіледі. Азаматтардың кезекке тұру кезінде және тұрғын үй беру сәтінде ҚР аумағы бойынша (соңғы бес жыл ішінде) меншік құқығында тұрғын үйі болмауы тиіс.
– Көп балалы аналардың, көп балалы отбасылардың және халықтың әлеуметтік осал топтарының жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй беру туралы өтініш берер алдында соңғы он екі айда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен (134 561,7 теңге) төмен болуы тиіс, – дейді бөлімде.
Тұрғын үйге кезекке қоюға қатысты туындаған мәселелер бойынша Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша немесе 32-74-48 телефоны арқылы кеңес алуға болады.