Екібастұздықтарды ұлттық тағамдарды дайындауға үйретеді
Шеберлік сағатына қала мейрамханаларының, мектеп асханаларының аспаздары қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-14 наурыз аралығында сағат 11:00-де қала әкімінің қолдауымен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында «Атамұра» мәдениет орталығының бірінші қабатында «Ұлт өзегінің тәрбиесі – ұлттық тағам» атты шеберлік сағаты өткізіледі.
– Әлемдегі көне мерекелердің бірі – Наурыз мейрамы қазақтардың өмірінде ерекше орын алады. 14 наурыз көрісу күнінен бастау алып, жаңару, бауырластық пен ынтымақ мейрамы деп саналатын бұл мейрамда халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кеңінен насихатталып, ұлықталады. Жаңа келген жыл берекелі болып, елімізде молшылық, тоқшылық болсын, ақ мол болсын деген ниетпен қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дастархан жайылады. Келген қонақтарға табақпен ет тартылып, көнерген түрлі тағамдар дайындалып, сүт тағамдарынан айран, көже, қатық, құрт ұсынылады, – дейді ұйымдастырушылар.
– Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай отырып, ұлттық тағамдарды ұлықтауға шақырамыз!
Шеберлік сағатын мәдениет қызметкері, «Кәусар» әжелер ансамблінің мүшесі, облыстық «Ұлттық тағамдар-2023» фестивалінің бас жүлде иегері, ұлттық тағамдарды дәріптеуші Қазынагүл Алпысбаева жүргізеді.
Шеберлік сағатының мақсаты: ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдарын жаңғырту.
Қатысушылар 6 түрлі ет тағам және сүт өнімдерінен бірнеше тағам түрлерін жасап үйренеді:
- Бүрме қарын - жылқының қарнының ішіне ет, картоп, сарымсақ, тұз, бұрыш салынып жасалады.
- Әсіп – жылқының ішегіне немесе қойдың ұлтабарына, бүйеніне тартылған ет, күріш, түрлі дәмдеуіштер салынып, асып пісіретін ұлттық тағамның бір түрі. Әсіптің 2 түрі көрсетіледі (үйрек әсіп, моншақ әсіп).
- Жаужүрек – қойдың бауырынан шарпы майымен оратылып жасалатын тағам. Қажетті заттар: қойдың бауыры, қойдың шапы майы, түрлі дәмдеуіштер.
- Үлпершек – жылқының жүрегінен майлы ет, дәмдеуіштер қосып жасайды.
- Қартадағы ет – жылқының майлы қартасына етті түрлі дәмдеуіштермен салып, екі жағын байлап пісіреді.
- Балқуырдақ – ет, сарымсақ, қаймақ, дәмдеуіштер қосылып, баяу отта қазанда пісіріледі.
Сүт өнімдерінен:
- Қаймақ, ірімшік (ақ, қызыл), уыз, айран, құрт, сүзбе тағамдарының жасалу жолдары;
- 12 наурыз күні – Бүрме қарын, әсіп, үлпершек жасау;
- 13 наурыз күні – Жаужүрек, қартадағы ет, балқуырдақ жасау;
- 14 наурыз күні – «Шаңырақ» мейрамханасында сахналық көрініспен басталады. Көрініс арқылы Жаужүрек, Үлпершек тағамдары ұсынылады. Сахналық қойылыммен мағынасы ашылып, жасалу жолы көрсетіледі.
14 наурыз күні «Шаңырақ» мейрамханасында шеберлік сағатының қорытынды шарасында қатысушыларға Алғыс хаттар табысталады. Шеберлік сағатына қатысқан аспаздар осы күні өз мейрамхана немесе дәмханаларының бір тағамын әзірлеп, алып келулері тиіс.
Қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: 8(7187)34-04-82, 8(777)625-60-35, 8(777)865-02-50.