Аққулыда асыл тұқымды қой өсірген белгілі шопанды еске алды

Аққулыда асыл тұқымды қой өсірген белгілі шопанды еске алды

«Еңбек Қызыл ту» орденінің кавалері, «Еңбек үздігі» төсбелгісінің иегері Жоламан Қалымовты еске алуға арналған асық ату бойынша спартакиаданың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданы әкімдігінің мәліметінше, республика бойынша теңдесі жоқ 13 жыл көлемінде іске асырылып келе жатқан «Естелік пойызы» жобасы 2050 жылға дейін жоспарланған. Авторы – Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері Тоқтамыс Кенжеғалиев. Мақсаты – ауданнан шыққан батырлардың есімін жас ұрпаққа таныту, туған өлкесінің дамуына үлес қосқан жерлестерді ұлықтау. Былтыр еңбек ардагері, тыл еңбеккері Ғаббас Ыдрысхановты еске алу шарасы ұйымдастырылған. 

– Шараға аудан әкімі Абзал Балғабаев,  Жоламан Қалымов пен Ғаббас Ыдрысхановтың ұрпақтары, аудан тұрғындары қатысты.  Ыдрысхановтар әулеті эстафетаны Жоламан Қалымовтың әулетіне табыстады, – дейді әкімдікте. 

Жоламан Қалымов – (1938 – 2010) Аққулы ауданының Бесқарағай ауылында дүниеге келген. Бесқарағай мектебінің сегізінші сыныбын бітірген соң 1954 жылдан  бастап «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопан болып еңбек еткен. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қой шығарып, өсіруде ерен еңбек сіңірген. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) бірнеше мәрте қатысып, 1979 жылы аталған көрменің қола медалімен, 1981 жылы алтын медалімен, ал 1983 жылы тағы да алтын медальмен марапатталған. 

1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған. 1990 жылы Компартияның Орталық комитетінің мүшесі болып сайланған.

Спарткиадада ауылдық аймақтардың 100-ге жуық  оқушысы бақ сынады. Шараның қорытындысы бойынша Қазы және Әйтей мектептері бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге балалар-жасөспірімдер клубының атынан медальдар мен дипломдар табыс етілді.