Павлодар облысының сыртқы сауда айналымы екі миллиардқа жуық АҚШ долларын құрады

Павлодар облысының сыртқы сауда айналымы екі миллиардқа жуық АҚШ долларын құрады
Фото: pixabay.com

Бұл көрсеткіш – өңірдің экспортқа бағытталған өнеркәсіптік әлеуетінің дәлелі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы — Қазақстандағы ірі өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда «KAZ Minerals», «Қазақстан алюминийі», «Kazchrome», «Екібастұз МАЭС-2», «Богатырь Көмір» сынды ірі кәсіпорындар орналасқан. Өңір өнеркәсібі үздіксіз өндіріс цикліне ие, ал өндірілетін өнімнің басым бөлігі  экспортқа бағытталған.

Экспорт көлемі жалпы сыртқы сауда айналымының 85 пайызын құраса, импорт 15 пайыз шамасында болды. Импортталатын өнімдердің дені – өндіріс құралдары мен қосалқы бөлшектер. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Павлодар облысының сыртқы сауда айналымы 1,7 миллиард АҚШ долларынан асты. 

Облыс сыртқа негізінен алюминий (құйма түрінде), ферроқорытпалар, сондай-ақ астық, қарақұмық, картоп, күнбағыс және кеспе өнімдерін экспорттайды.

Ал импорт бойынша Павлодарға өндірістік жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектер, сондай-ақ арнайы мақсаттағы өнімдер жеткізіледі.

– Экспорт — біздің өңірдің экономикасының негізі. Павлодар облысы – индустриалды аймақ ретінде тұрақты даму үстінде. Экспорттық бағытта металлургия, мұнай-химия және энергетика салалары белсенді, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Түсетаев.

Облыстық кедендік ресімдеу орталығының басшысы Төлеш Жүнісов өңірге келіп жатқан және сыртқа кетіп жатқан тауарлардың нақты құрамын да атап өтті.

– Мысалы, «Павлодар-Құс» бренді Франциядан асыл тұқымды күркетауықтың жұмыртқасын сатып алып, оны осында өсіріп, кейін етімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, Түркияға экспорттайды. Бұл – толыққанды жұмыс істеп тұрған жүйе, – дейді ол.

Сыртқы сауда көрсеткіштерінің артуы – Павлодар облысының экономикалық белсенділігінің айғағы. Өңір өнеркәсібі экспортқа бағытталған өнім шығаруда алдыңғы қатарда тұр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына да өз үлесін қосып келеді.