Павлодарлықтар мұғалімдер, дәрігерлер мен қарапайым еңбекшілерге алғыс айтуда
Облыс тұрғындары ата-аналарына, елге және айналасындағы адамдарға алғыс айтуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы кәрістері «Somang» ассоциациясы басқармасының мүшесі Елена Кан халқының, отбасының Қиыр Шығыстан Қазақстанға қалай көшірілгенін қысқаша әңгімелеп берді.
- Әкем сәби шағында туыстарымен бірге Приморьеден қазақ даласына жер аударылды, - дейді Елена Кан. – Депортация кезінде кәрістер мінген кеме ауырлығынан суға бата бастады. Қызыл жендеттер адамдардың заттарын суға тастағанымен, кеме төмендей берді. НКВД қызметкерлері «Бәрібір тірі қалмайды» деген сөздермен әжемнің қолындағы орамалға жармаса бастады. Бірақ әжем соңғы күшімен үш айлық баласын бермей қалды.
Осылайша Кандар отбасы Қазақстанға келді. Тыйымға қарамастан, жергілікті тұрғындар жер аударылғандарға барынша көмектесуге тырысты. Ол кезде қазақтардың өзі мүшкіл жағдайда еді. Аштық жылдары өткеніне көп уақыт болған жоқ, 1937 жыл болатын. Қазақтардың көмегі арқасында Кан отбасы аман қалды, әрі қарай тірлігін жасай берді.
- Бүгінде мен қоғамның толыққанды мүшесімін, ешқандай қысым көрмей өстім, - дейді Елена Кан. – Туыстарымның арасында қазақ көп. Қазақстанда туып-өскенімді мақтан етемін. Отаным – Қазақстан.
«Somang» ассоциациясының мүшесі, бірінші кезекте, ата-анасына алғыс айтады.
- Сондай-ақ білім берген, жақсы өмір берген мемлекетіме ризамын, - дейді спикер. – Ұстаздарыма, дәрігерлерге және күнделікті жұмысымен үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарына алғыс айтамын. Онсыз мемлекетіміз де болмас еді.
Кәрістердің депортациясы 1937 жылы жапон әскері Қиыр Шығысқа шабуыл жасаған кезде басталды. Ол кезде Корея Жапонияның бөлігі болатын. Қазірде Қазақстанда 100 мыңға тарта кәріс жасайды.
Фото: Оразбек Саяхат